«Теңге бағамына әсер ететін екі басты фактор бар - ресейлік рубльдің долларға шаққандағы бағамы және мұнай бағасы. Рубль бағамына қатысты ойымызды бұрын білдіргенбіз. Қысқаша атап өтер болсақ, қазір Ресейдегі инфляция қарқыны бағамның төмендеу қарқынынан озып немесе кем дегенде, олар тең болатын жағдай қалыптасып отыр. Яғни, ресейлік тауарлардың арзандауы болмайды, бұл біздің импорттың ұлғаюына негіз жоқ дегенді білдіреді. Қаңтар-тамыз аралығында Ресейден әкелінетін импорттың 22,3%-ға төмендеуі бұл сөзімізге дәлел. Осы қарқын сақталатын болса, Қазақстанның Ресеймен сауда-саттығында теріс сальдо 2013 жылғы $12,7 млрд.-тан $9,7 млрд.-қа дейін төмендейді. Бұл үрдіс жалғаса берсе, Ұлттық банк рубльдің диапазонын 4,5-5,5 теңгеден 3,5-4,5 теңгеге дейін түсіріп, оны ұлттық валютамыздың бағамына әсер етуші негізгі фактор ретінде есептен шығарып тастай алады. Басқаша айтар болсақ, келесі қатерлі деңгей - $1 үшін 52 рубль болмақ.
Осылайша, мұнай бағасы ғана қалып отыр. Бұл әлдеқайда күрделі әрі салмақты фактор болып табылады. Мұнай бағасы - болжам беру қиын факторлардың бірі. Бірде-бір сарапшы алдағы үш айда баға қандай деңгейде болатынын дөп басып айта алмайды. Одан гөрі ұзақ мерзім туралы айтпаса да түсінікті. Алайда келесі «қатерлі деңгейге» - барреліне $80 - қазан айында жетуіміз мүмкін. Бұл бірқатар ресейлік сарапшылардың теңге девальвациясы туралы болжам жасауына сылтау болғаны жасырын емес. Шын мәнісінде, девальвация туралы шешім басқа жағдайда қабылданады. Біріншіден, баррель үшін $80 - алғашқы «қатерлі деңгей». Ол кезде девальвация емес, «бюджеттің пессимистік нұсқасы» іске қосылады. Бұл деңгей бюджетте есепке алынған, демек артық қобалжу болмайды. Сонымен қатар, бұл орташа жылдық баға екенін ұмытпағанымыз жөн. Яғни осыған дейінгі жоғары бағамен сатылған мұнайдың артық ақшасы кейінгі төмен бағаның шығындарын жабуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, келесі «қатерлі деңгей» - 1 баррельге $60. Бұл деңгейде ЖІӨ, яғни экономика, өсімі нөлге тең болады, ал төлемдік баланс ақсай бастайды.
Үшіншіден, негативті жағдай үш айға созылуы тиіс. Экономикалық реакция жүйелері бірнеше ай бойы ахуалдың тұрақтылығын бақылайды. Әйтпесе, баға төмендегенде бірден шешім қабылданса, кейін баға қайта көтеріліп кетуі мүмкін. Сондықтан асығыс шешім жасамай, жағдайға сараптама жасалады.
Мұнай бағасының құлдырауына не қарсы тұра алатынын қарап көрейік. Біріншіден, бұл мұнай бағасына ОРЕС елдері бюджеттерінің тәуелділік деңгейі. Мұнайдың ағымдағы (барреліне 84 доллар) бағасы кезінде Оман мен Катардан басқа ОПЕК-тің барлық мүшелерінде бюджет тапшылығы қалыптасады. Аталған қос мемлекетте тапшылық мұнай бағасы барреліне 70 доллардан төмен баға болған кезде басталады.
Екіншіден, өндіру мен сұраныс өсімінің серпілісіне себепкер болған АҚШ-тағы қатпарлы мұнайдың өзіндік құны барреліне 80 долларға жуықты құрайды. Үшіншіден, АҚШ таяу уақытта сандық жұмсарту бағдарламасының келесі кезеңін іске қосуы мүмкін, немесе басқаша айтқанда, экономиканы қолдау үшін тағы да ақша басып шығарады, бұл мұнай бағасының өсу жолына қайта келуіне мәжбүрлейді.
Ішкі факторларға да тоқталсақ. Біріншіден, желтоқсанда валюта ағыны қозғалысы тұрғысынан экспортшылар валюта сатуды бастайды, ал импортшылар қысымды әлсіретеді, өйткені олар валютаға сұранысты қазан-қарашада ұлғайтатыны белгілі. Екіншіден, ағымдағы жылы жаңа девальвация туралы бірнеше рет сыбыс жүрді, тұтастай алғанда, валютаға сұраныс төмендеді. Тіпті мұндай сұраныс қалған күннің өзінде, ол Ұлттық банктің резервіне айтарлықтай жүктеме келтірмейтін көлемде ғана.
Үшіншіден, мұнай бағасы барреліне 60 долларға дейін түскен жағдайдың өзінде де девальвация келесі жылға көшіріледі. Бір жағынан, биыл бұл бағаға жету үшін жылдың аяғына дейін аз уақыт қалды, екінші жағынан билікке ағымдағы жылы девальвацияны қайталау мүлдем тиімсіз. Мұндай жағдай барлық қаржы жүйесі тұрақтылығына кері әсер етеді (әлеуметтік наразылық туындауы мүмкін). Басқаша айтқанда, егер 60 доллар бағасы бір ай ішінде тұрып, кейіннен қайта өссе, онда девальвация жасамауға нақты мүмкіндік ретінде қарастырылатын болады.
Жоғарыда айтылғандарды ескеріп, жылдың аяғына дейін теңге девальвациясы болмайды деп сенімді түрде айтуға болады. Ал келесі тоқсан немесе жыртыжылдыққа болжамды желтоқсан айында ғана беруге болады.