ҚР Ұлттық ядролық орталығы басшылығы жұртшылықтың барлық өткір сұрақтарына жауап қайтарды

«Дөңгелек үстел» жанындағы диалогтың бастамашысы «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалысының вице-президенті Сұлтан Қартоев болды, деп хабарлады облыс әкімінің ақпараттық орталығы. 

С.Қартоев кездесуді аша отырып, ҚР Президентінің бұдан 22 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонын жабу  және 1992 жылғы мамырдағы оның базасында Ұлттық ядролық орталық ашу жөніндегі шешімінің маңызын атап көрсетті.

ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры осы орталықтың ғалымдары немен айналысып жатқаны жөнінде әңгімеледі.

«Қазіргі кезде Ұлттық ядролық орталық өзінің қайта құру кезеңін аяқтады. "Мемлекеттік мүлік туралы» заң шығуына байланысты біз өзіміздің еншілес мемлекеттік кәсіпорындарымызды қайта құруымыз қажет. Бүгінде біз екі бөлек мемлекеттік мекеме - ядролық физика және стратегиялық зерттеулер институттарын құрдық. Қалған ядролық зерттеулер, радиологиялық қауіпсіздік және экология институттары, «Байкал» кәсіпорны Ұлттық ядролық орталыққа бірікті.

Дегенмен, біз өз құзыретімізді, бұрын айналысқан барлық стратегиялық бағыттарымызды сақтап қалдық. Бұл - атом энергетикасын дамыту, бұрынғы полигон аумағындағы радиоэкология, таратпау мәселелері және кадрлар даярлау.  Біз қазір Семей полигонына қатысты жұмыстарды жалғастырудамыз, тәжірибелік алаңды кешенді зерттеу жөнінде жаңа жұмысты бастадық. Біз сондай-ақ атом стансалары үшін алаңдарды зерттеулерге де қатысамыз. Сондай-ақ, әрине, таратпау мәселелері біздің бақылауымызда болады», - деді Е.Батырбеков.

Кездесуге қатысушылар - үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, журналистер, ең алдымен, атом электр стансасын салу және Ядролық отын банкін құру мүмкіндігі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісіне жер беру, полигонға туристік жолбағыттар ұйымдастыру және басқа да көптеген мәселелер бойынша сұрақтар қойды.

Ұлттық ядролық орталық бас директорының ақпараты бойынша, республикада үкіметтік ведомствоаралық комиссия құрылды, ол осы жылдың соңына дейін қазақстандық тұңғыш атом электр стансасының орнын анықтауы тиіс.   

«Менің пікірім - атом электр стансасын салу қажет. Айталық, болжамдар бойынша, таяудағы 10 жылда Шығыс Қазақстан облысының электр энергиясын тұтынуы 1 Гигаваттан көп болмақ, ал 15-20 жылдан кейін - 2,8 Гигаваттқа жетеді. Бұл қажеттілікті күн энергиясы есебінен жабу мүмкін емес. Сондықтан үлкен базалық станса керек. Атом стансасымен ештеңе де, соның ішінде көмір стансасы да бәсекелесе алмайды. Станса салу  толғағы жеткен мәселе, бұл индустриялы ел ретіндегі Қазақстанның стратегиялық дамуының келешегі, ол жаңа, заманауи технологияға сүйенетін болады», - деп атап өтті Е.Батырбеков. 

Ол АЭС-тің жаңа төртінші буыны салынбақ, ол бұдан екі жыл бұрын Жапонияда болғандай, апатты салдардың болмауына кепілдік береді, деп атап көрсетті. "Фукусимада реакторлардың алғашқы буыны жұмыс істеді. Бүгіндегі реакторлар мүлдем басқаша, оларда радиация ағуы болуы мүмкін емес», - деп атап көрсетті ол.

Болашақта Ядролық отын банкін орналастыру жөніндегі әңгіме қызу пікір туғызды. «Поколение» ҚБ өкілдері «егер ғалымдардың пікірінше, барлық ережелер сақталса Ядролық отын банкінде сақтауға қойылатын физикалық материал - уран гексафторидін сақтау қауіпсіз болса, басқа елдер оны өз аумағында неге сақтағысы келмейді, ал Қазақстан оны қабылдауға әзір ме, тіпті, біздің аймақта орналастыруы мүмкін бе?», деген сұрақ қойды.

Бұл сұраққа ғалымдар Ядролық отын банкін көптеген елдер сақтағысы келеді, МАГАТЭ тіпті белгілі бір талаптармен конкурс та жариялады, деп жауап берді. Олардың ішінде - Ресей және Германия сияқты елдер бар. Бірақ та міндетті шарттардың бірі -  ол елде ядролық қару болмауы тиіс. Қазақстан көптеген параметрлер бойынша сай келеді және бұл ел үшін экономикалық жағынан да, саяси жағынан да тиімді.

Ядролық отын банкін  белгілі бір аумақта орналастыру халықтың денсаулығына қаншалықты қауіпті деген сұраққа Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Сергей Лукашенко жауап қайтарды.



«Екі санды салыстырыңыздар: Ядролық отын банкінде аздап байытылған 20-40-50-ден 100 тоннаға дейін уран сақталады. Радиологиялық қауіптілігі жағынан бұл зат біз жылына 17 мың тонна  өндіретін уранмен шамалас. Әрбір рудникте 50-70 тонна өндірілетін өнім шоғырланған. Бұл жеткізілетін өнімнің әдеттегі саны. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда Отын банкі мен рудниктегі дайын өнімдердегі радиациялық қауіптілікте ешқандай айырмашылық жоқ. Біз ең көп дегенде 70 тонна Отын банкінен қорқу керектігін айтамыз, ал жыл сайын арттырылып келе жатқан уран өндіру көлеміне селсоқ қараймыз. Ал бұл ешкімді толғандырмайды, қайта құпталады, өйткені - бұл біздің ақшамыз, біздің өнеркәсібіміз.

Отын банкі физикалық заңдар тұрғысынан қарағанда да қауіпті емес. Сәулеленген отын - бұл енді екінші мәселе, ол жөнінде ешкім айтып жатқан жоқ. Әңгіме МАГАТЭ кепілдігімен 50 тонна 238-ші 4 пайызға дейін байытылған отын туралы  айтылды. Осы отынмен Өскемен 50 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр. Және мыңдаған тонна өңделді. Сондықтан да қауіптілігі жөнінде айтудың қажеті шамалы", - деп түсінік берді С.Лукашенко.

Ұлттық ядролық орталық қызметіне қатысты көптеген әңгімелер полигон аумағы жерлерінің бір бөлігін ауыл шаруашылығы айналымына беру тақырыбының айналысында болып жүр.

"Бұл біздің құзырымызға жатпайды. Біздің міндетіміз - кешенді зерттеу және Үкіметке осы зерттеулердің нәтижесін шығару. Ал бұл жерлермен не істеу керек екенін құзырлы органдар шешеді. Осыған байланысты айтарым, бүгінгі күні бюджеттік негізде және бюджеттен тыс қаржы арқылы  Семей ядролық сынақ полигонының біраз жері зерттелді. Бүгінгі таңда 18 мың шаршы шақырым жердің  5 мың 250 шаршы шақырымы зерттелді. Солтүстік және батыс жерлеріне қорытындылар бар. Бүгін бізге МАГАТЭ миссиясы келеді,  олар біздің жерлеріміздің нәтижелеріне сарапшылық етеді, біз оларды қабылдаумен қатар өз зерттеулерімізді жүргіземіз. Біз оларды елеулі ұйымдар байқап қарауы үшін халықаралық, сондай-ақ МАГАТЭ-нің ресейлік сарапшыларының нәтижелерін пайдаланамыз", - деді Ұлттық ядролық орталық бас директорының орынбасары Сергей Березин. 

Кездесуде ҰЯО басшылығы республиканың көптеген басылымдары TheNewYorkTimes газетіне сілтеме жасап, жариялаған бұрынғы Семей ядролық полигонының туннельдерінде детондалмаған зарядтар қалыпты-мыс, олар жаңа жарылыс құрылғыларын жасауға шикізат болуы мүмкін, деген ақпарат төңірегіндегі жағдайға түсінік берді.

"Бұл аударудан кеткен қателік. Ал шын мәнінде американдық баспасөз бүгінгі жағдай туралы емес, полигонды жабу және Қазақстанның Тәуелсіздік алуы кезіндегі жағдай туралы материал жариялаған. Ол кезде шынында да Семей ядролық сынақ полигонының мұрасы туралы мәселе күн тәртібінде тұрды", - деді Е.Батырбеков.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Ресей, Қазақстан және АҚШ президенттері мәлімдегендей, Семей полигонының инфрақұрылымын жою кезеңі аяқталды.

"Әрине, кейбір мәселелер бар. Бірақ та бұл мәселелер бұрынғы Семей полигонында ядролық қаруды сынауға арналған инфрақұрылымдарға қатысты емес. Сөйтіп, бұл аударудан кеткен қателік", - деп нақтылады ҰЯО бас директоры.

Ұлттық ядролық орталықтың жаңа басшысы Ерлан Батырбековпен кездесу алғаш рет болып тұр, бұдан былай да болады, деп сендірді кездесудің модераторы, "Невада-Семей" халықаралық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Қартоев. Мұндай кездесулер үнемі болып тұрады, ҰЯО басшылығы кездесуге және журналистерге де, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне де ақпараттар ұсынуға әрқашан да ашық.