Оның айтуынша, Ұлттық комиссияның 2003-жылғы негізгі жұмыс нәтижесі мен Қазақстанның басты табысы - Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің Әлемдік құндылықтар мұрасына қамтылуы болмақ. Сөйтіп, мұражай адамзат қолымен жасалған бірегей туындылар тізіміне енгізілген Қазақстандағы тұңғыш тарихи ескерткішке саналды. Сондай-ақ, UNESCO-ның бас пәтерінде Махамбет Өтемісовтың 200 жылдық мерейтойы атап өтіліп, Әлкей Марғұлан мен Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойы ескерткіш даталы тойлардың Күнтізбесіне енгізілді. Қожа Ахмет Яссауи мен оның ізбасары Сүлеймен Бақырғанидің қолжазбалары коллекциясы "Әлем жады" бағдарламасына енгізілді.
Қ.Әбусейітовтың хабарлауынша, сондай-ақ, "Солтүстік Қазақстанның көлдері мен жазиралары" номинациясы Әлемдік жәдігерлер тізіміне, ал "Қыз Жібек" поэмасы ауыз әдебиетінің біртума туындылары Прокламациясына енгізілді.
ЮНЕСКО мен Жапонияның мақсатты қоры бірлескен "Ежелгі Отырар қаласын сақтап қалу және қалпына келтіру" жобасы іс жүзінде аяқталып келеді. Жобаның жетекшісі, археология институтының директоры Карл Байпақовтың хабарлауынша, көне қала ғимараттарының бір бөлігі, соның ішінде ХҮІ ғасырдағы мешіт пен қоғамдық монша қайта жаңғыртылып, консервацияланды. Қыш құмыралар шеберханасы да консервациялауға дайын болды. Қазір бұл нысандар туристерге көрсетуге әзір. Жоба биылғы жылы аяқталады. Бірақ, Қазақстан Отырар жазирасындағы басқа да көне қалаларды қалпына келтіру жұмыстарының аясын кеңейту және бірегей жер суландыру жүйесін қалпына келтіру үшін Отырардағы археологиялық жұмыстарды жалғастыра бермекші.
Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін сақтап қалуға мұсылман донор елдерді де тарту туралы ұсыныстар жасалуда. Ұлттық "Жібек жолы" компаниясының тарихи-мәдени жәдігерлер жөніндегі өндірістік орталығының директоры Баян Тұяқбаеваның айтуынша, Түркістан кешенін кесене деп атау теріс. Өйткені, қай жағынан алып қарасаңыз да ол - ханака, яғни, жанында мешіті бар жұртшылықты қабылдау үйі. Ал белгілі бір тұлғаның атындағы кесене ұғымына келсек, арабтардың пікірінше - бұл - ата-баба рухына табыну сипатындағы исламның түріктік ағымының бір нышаны. Ал ол Құранға қайшы. Осыған байланысты Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің атауын ханака деп өзгерту қажет. Бұл есткерткішті қалпына келтіруге қосымша қаржы тартуға мүмкіндік береді.