Ресми өкілдің айтуынша, осы мерзімде әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке 469 лауазымды тұлға тартылды. Олардың арасында 16 әкім, 79 әкімшілік қызметкерлері, 2 судья, 2 сот әкімшісі, 5 прокурор және басқалар бар. Қылмыстық істер бойынша 136 ұсыныс шығарылды, олардың нәтижесі бойынша 102 лауазымды тұлға тәртіптік жолмен жазаланды, қызметтері төмендетілді, немесе босатылды.
Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы тобының бақылауында болған қылмыстық істердің барлығы сотқа жеткізілді. 313 қылмыстық іс қозғалды, қылмыстық жауапкершілікке 205 лауазымды тұлға тартылды, 128-і сотталды.
"Жер пайдалану саласында әртүрлі деңгейдегі әкімдерге, Алматы, Астана, Шымкент, Тараз, Павлодар, Петропавл, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жер қатынастары бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлеріне қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды. Олардың бірқатары сотталды",-деді ресми өкіл.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік сатып алу саласы бойынша 19 қылмыстық іс қозғалды. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің кейбір басшыларының қатысуымен жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстар ашылды.
"Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасындағы сыбайлас жемқорлық пен 142 млн. теңге бюджеттік қаржыны жымқыру дерегі тергелуде. Осы іс бойынша ҰҚК қызметкерін сатып алмақ болған ҚР Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасының бұрынғы бөлімше бастығы айғақтай ұсталды",-деді К.Бекназаров.
Атырау, Орал, Астана, Павлодар және Жамбыл облыстары әкімшіліктерінің лауазымды тұлғалары тарапынан тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша сыбайлас жемқорлық әрекетінің жолы кесілді. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары, Алматы қаласы тұрғын үй департаментінің директоры сотталды.
Фискалды органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты 33 қылмыстық іс қозғалды.
Астана, Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай облыстары бойынша кедендік бақылау департаменттерінің, "Жаңа жол", "Қаратомар", "Аэропорт-Ақтау", темір жолдағы "Жамбыл" кедендік бекеттерінің лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Астана қаласы бойынша салық комитеттерінің басшыларының заңға қайшы әрекеттерінің жолы кесілді. "Қорғас" кеденінің бастығы Жұмабеков және оның қылмыстық тобының он екі мүшесі сотталды.