Қылмыстық топты бұған дейін де істі болған бұрынғы Әзербайжан, ал қазіргі Қазақстан азаматы, 36 жастағы Габил Азизов басқарған. Ол жезөкшелер ордасын құрып, қалада жеңгетайлықпен айналысқан.
Хабарламада атап көрсетілгеніндей, Г.Азизов басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ жезөкшелер ордасы ретінде пайдалану және 120 жезөкшенің тұруы үшін Астанада 16 пәтер жалдаған. Қыздар ашыналықпен айналысудың сыртында жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін Г.Азизовқа күн сайын 3 мың теңге төлеп отырған.
Хабарламада атап көрсетілгеніндей, қылмыстық топ мүшелері түрлі міндеттерді сатылы түрде қатаң бөлісіп, әркім өз ісімен айналысып отырған. Ұйымның ақшаларды тапсыратын өз "кассирі", қыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өз қызметі, жезөкшелерді клиенттеріне жеткізіп беріп, сол үшін Г.Азизовтан 600 теңгеден төлемақы алып отырған өз жүргізушілері болған. Ұйымдасқан қылмыстық топқа материалдық тұрғыда тәуелді болып қалған қыздар қарызды қайтару үшін ақысыз қызмет етуге тиіс болған.
Өз кезегінде жазасыз құтылатындарына сенген қылмыстық топ мүшелері "түнгі көбелек болуды ұйғарған қыздарға өздерінің өктемдігін жүргізу үшін оларға зорлық-зомбылық көрсетіп, ұрып-соғуды, адамдық қасиетін аяққта таптап қорлауды әдетке айналдырған",- делінген баспасөз хабарламасында.
Қыздар мен топ мүшелері тұрған пәтерлерден шұғыл топ мүшелері қылмысқа айғақ заттар тапты. Олардың арасында жезөкшелерге арналған "тәртіптер жинағы", "кассир" мен қыздар арасындағы қаржы айналымын айғақтайтын құжаттар, қаржылық міндеттемелер, жалға алған барлық пәтердің келісім-құжаттары, Астанадағы жарнамалық басылымдарға "жоғары төлемді қызмет ұсыну туралы" жариялар беру жөніндегі парақтар, сондай-ақ, Г.Азизов басқаратын топтың қылмыстық әрекеттерін айпарадай ететін куәгерлер жауабы бар.
Қылмыстық топ осындай жолмен ай сайын 9 млн. теңге таза пайда тауып отырған.
Шұғыл шара барысында топтың 9 белсенді мүшесі ұсталды. Олардың арасында ҚР Қылмыстық істер Кодексінің (ұйымдасқан қылмыстық топтың жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін жезөкшелер ордасын құруы) жөніндегі 271-бабы, 2-тармағы және (ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қоғамдастық құрып басқару) жөніндегі 235-бабы, 1-тармағы бойынша күдікті деп танылған Г.Азизов та бар. Қылмысқа күдіктілердің барлығы да Астана қалалық прокурорының санкциясымен қамауға алынды.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.