ҰҚКД-нің ақпаратына сәйкес, соңғы үш ай бойына ҚР ҰҚК Алматы қалалық департаменті бірқатар шұғыл іздестіру шараларын өткізді. Соның нәтижесінде қылмыстық топтың бірнеше мүшесі, Қазақстан және Ресей азаматтары ұсталып, олардан 30 килоға жуық героин тәркіленді.
Топ мүшелерінің алғашқысын ҰҚКД қызметкерлері 28-мамырда Алматы-Талдықорған тас жолының бойындағы "Рубеж" кедендік тексеріп-өткізу бекетінде ұстады. Тінту барысында оның автокөлігіндегі арнаулы жасалған құпия қоймадан 5,2 кило героин табылды.
Ал екінші есірткі партиясы топтың екінші мүшесінің автокөлігінен 10-шілдеде Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында ұсталды. Одан 12 килодан астам героин тәркіленді. Топ мүшесі есірткіні Екатеринбург қаласына жеткізбек болған.
27-шілдеде Алматыда екі Ресей азаматы қамауға алынды. Олардың автокөлігінен жалпы салмағы 10,3 кило героин табылды.
22-тамызда Алматы облысы Талғар ауданы Қайрат ауылында Б. есімді Қазақстан азаматы ұсталды. Оның автокөлігінен екі әйнек бөтелке мен өзіндік ерекше иісі бар, түйіршік зат салынған полиэтилен дорба шықты. Сараптама нәтижесінде салмағы 4,3 кило заттың героин екені анықталды.
Оперативтік ақпарат көздері арқылы белгілі болғанындай, бұл топ Өзбекстан арқылы Тәжікстаннан Қазақстанға біржола қалыптасқан бағыт бойынша есірткі тасымалдауды жолға қойып алған екен. Есірткінің басым бөлігі бұдан әрі Ресейге жөнелтіліп отырған.
Қазір ҰҚКД-нің терегу басқармасы аталмыш бүкіл дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің "Заңсыз есірткі дайындау, сақтау, сату және тасымалдау" жөніндегі 259-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.