ҚР Жоғарғы соты Қазақстанның халықаралық келісімдерінің нормаларын қолдану мәселелері жөніндегі қаулының жобасын мақұлдады

Жалпы отырысқа қатысушылар осынау нормативтік қаулыны айтылған ескертпелерді ескере отырып қабылдауға және аталған қаулыны толықтыру үшін редакциялық комиссия құруға дауыс берді.

"Комиссия қаулыны толықтыруға және оны түпкілікті қабылдау үшін Жоғарғы соттың пленумының қарауына ұсынуға бір апта мұрсат сұрады", -деді ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми.

"Соттарға қолдану үшін заң шығару талап етілмейтін халықаралық келісімдердің ережелері Қазақстанда тікелей күшіне енетіндігі жөнінде нақты түсініктеме беріледі. Басқа жағдайларда біз соттарға халықаралық келісімдермен қатар ратификацияланған халықаралық келісімнің ережелерін жүзеге асыру үшін қабылданған тиісті заңды да қоса пайдалануға нұсқау береміз", - деді ол.

"Қазақстан судьяларында бұдан былай Конституция ережелері мен бекітілмеген халықаралық келісімдердің арасында қарама-қайшылық туындаған жағдайда не істеу керек деген сауал тумауы үшін біз Конституция нормаларын қолдануға айрықша артықшылық берілетінін түсіндірдік", - деді ҚР Жоғарғы сотының судьясы Нұрғазы Әбдіқанов. Қазақстан заңнамасына сәйкес республиканың құқық жүйесінде ережелері Қазақстан Конституцияға қайшы келетін халықаралық нормалардың пайда болуына жол бермеу шаралары қарастырылған, деді ол.

"Қазақстан Конституциясы ғана халықаралық келісімдерге Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде әрекет ететін заңдық қасиетке ие болдырушы ең жоғары нормативтік акт болып табылады", - деді судья.

ҚР Жоғарғы сотының мәліметінше, Қазақстан қазір 2321 халықаралық келісімге біріккен, оның 380-і бүгінге дейін заңды күшіне енбеген.