Сот отырысын ҚР Жоғарғы сотының судьясы Бақытжан Жақыпов жүргізуде. Ал айыптаушылар жағын ҚР бас прокуратурасының әкімшілік және сот істері бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Талғат Бөкебаев басқарады.
Отырыстың басында Т.Бөкебаев соттан бұл іс бойынша ҚР ҰҚК-інен қосымша материалдар талап етуді сұрады. ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Владимир Божконың ақпараты бойынша, сотқа ҚР бас прокуратурасының өтінішінде аталған халықаралық ұйымдарды лаңкестік ұйым ретінде сипаттайтын материалдар келіп түскен. Сондай-ақ сотқа басқа елдер аумағында іс-қызметіне тыйым салынған ұйымдардың тізімі мен басқа да қосымша материалдар келтірілген.
Сот бұл құжаттарды іске қамту туралы шешім шығарды. Сонымен бірге сот іс материалдары арасында "аса құпия құжаттардың" болуына байланысты отырысты жабық есік жағдайында өткізуге ұйғарды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 24-ақпанда Республиканың бас прокуроры Рашид Түсіпбеков "Асбат аль-Ансар", "Мұсылман бауырлар", "Талибан", "Боз гурд", "Орталық Азия моджахедтерінің жамааты", "Лашкар-и-Тайба" және "Әлеуметтік реформалар қоғамы" сынды бірқатар ұйымдарды лаңкестік ұйымдар деп танып, олардың Қазақстан аумағында жұмыс жүргізуіне тыйым салу туралы ҚР Жоғарғы сотына шағым түсірді.