ҚР-да педофилдердің тұрғылықты жері туралы ақпараттандыру үшін мәліметтер базасы құрылады

Бұл жөнінде бүгін суицидтің және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алу мәселелері жөніндегі селекторлық кеңес барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев тиісті тапсырма берді. Бұл туралы ҚР Үкіметі басшысының ресми порталы хабарлады.

Талқылау қорытындысы бойынша, вице-премьер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырмалар берді. 

Атап айтқанда, ДСӘДМ-не кәмелеттік жасқа жетпегендер мен жастар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша 2015-2020 жылдарға арналған қосымша ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар кешенін әзірлеу, БҒМ, ІІМ-мен бірігіп суицидке бару қаупі бар кәмелеттік жасқа жетпеген жасөспірімдерге көмек көрсету алгоритмін жасап, бекіту қажет.

БҒМ-ға ЮНИСЕФ-тің көмегімен суицид қаупі мен денсаулықтағы психикалық проблемаларды анықтау үшін әдістемелік құрал мен сауалнаманы жасап шығару тапсырылды.

ІІМ жыныстық-зорлық-зомбылық әрекеттері үшін сотталған адамдарға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлі шараларды енгізу, сондай-ақ қоғамға жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған адамдар, олардың тұрғылықты жері туралы ақпараттандыру жөніндегі Жалпыұлттық мәліметтер базасын құру бойынша ұсыныстар жасау қажет.


ИДМ-не қатыгездік, зорлық және кәмелеттік жасқа жетпегендердің психологиялық-эмоциялық жағдайына әсер ететін өзге де келеңсіз әрекеттерді насихаттайтын сайттардың мониторингін жасап, сондай-ақ Ғаламторда құқыққа қарсы контенттің таратылуына жол бермеу бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктері мектептерді психологтармен, әлеуметтік педагогтармен, медициналық қызметкерлермен және мектеп инспекторларымен толық жасақтаулары қажет.