Оның айтуынша, тексеру барысында ҚТЖ-мен жұмыс істейтін фирмалар арқылы 2,5 млрд теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру және шетелдік банктерге 5 млрд астам теңгені аудару деректері анықталған. "Қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру шарасы "Саламат А", "Асыл-А", "Жеңіс-М", "Polstar", "Евростиль", ИП "Махмудов" және тағы басқа жалған кәсіпорындар арқылы жүзеге асырылған. Бұл фирмалар салық та, бюджетке аударылатын басқа да төлемдерді мүлдем төлемеген", - деді Бас прокуратура өкілі.
"Компанияның ақшалары шетелге қарай асырылған негізгі фирмалар - "Изарторг" ЖШС мен "Сент мари-ком"ЖШС болып табылады", -деді С. Нұрпейісов. "Бұл фирмалар арқылы Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері , Сингапур, Корея, Жапония, АҚШ , Италия және басқа да елдердің банктері арқылы Латвия мен Панамаға және Виргиния аралдарына 4 млрд жуық теңге аударылған", - деді ол. " Жалған кәсіпорындар арқылы оффшорларға заңсыз ақша аударуға қатысты бұдан басқа да деректер анықталды", - деді Бас прокуратура өкілі.
Сонымен бірге, С.Нұрпейісовтың ақпаратына сәйкес, ҚТЖ компаниясында әсіресе "Мемлекетік сатып алу туралы" заңды бұзу кеңінен таралған.
"Мұндай заң бұзушылықтарға әрбір төртінші байқауда жол берілген, оның көлемі 56 млрд теңгені құрайды",- деді С.Нұрпейісов. Онрың айтуынша, "бағаны қасақана асыра көрсету", байқау құжаттарын әдейі белгілі бір сатушылардың пайдасына лайықтап жасау деректері анықталды. "ҚТЖ басшылығы аффилиирлік тұлғаларлың мүддесіне ашықтан-ашық лобби жасап, олар үшін келісім-шарттарын жүзеге асыруда қолайлы жағдайлар жасап келген",- деді Бас прокуратура өкілі.
Оның айтуынша, тексеру барысында белгілі болғанындай, тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді ҚТЖ мүлдем байқаусыз сатып алып отырған. ""Локомотив-2030" ЖШС мен "Локомотивный сервисный центр" АҚ-ынан байқау өткізбей-ақ жалпы көлемі 1 млрд теңгеден астам қаржыға локомотивтік тартқыш сатып алынған және мұндай деректер шаш-етектен",- деді С.Нұрпейісов.
Оның айтуынша, сондай-ақ, ҚТЖ нақты сатушы фирмалардың орнына, "тауардың нақты құны мен байқауға бөлінген асыра көрсетілген соманың арасындағы айырмашылықты ақтау үшін пайдаланылып келген" делдал-фирмаларды байқау жеңімпаздары деп таныған". Атап айтсақ, Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, тексеру аясында "Forex plus"ЖШС үстінен салық төлеуден жалтару дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл фирма ҚТЖ-мен шартқа сәйкес жалпы көлемі 67 млн теңгеге тауар сату барысында іс жүзінде осы көлемдегі тауарды басқа төрт фирма арқылы бар-жоғы 26,5 млн теңгеге сатқан.
"Айырмашылық түріндегі 40 млн теңге осы фирманың есепшотында қалып, артынан "Евростиль-проект" ЖШС арқылы салық төленбестен қолма-қол ақшаға айналдырылған",- деді С.Нұрпейісов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін Бас прокуратура осы мекеменің 2006 жылдың аяғы мен 2007 жылдың басында аяқтаған "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ іс-қызметінің заңдылығын тексеру аясында компанияның бірқатар басшыларының үстінен 21 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сонымен қатар, 21 тексеру материалы қылмыстық іс қозғау туралы шешім шығару үшін қаржы полициясына жолданған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті