- Қуат, Магомедсайгид Алибековпен өткен жекпе-жегіңіз туралы айтып берсеңіз...
- Соңғы кездесуім өте ауыр болды. Бұл жекпе-жекке бес ай мерзімде Таиландта дайындалған болатынмын. Бес ай демалыссыз тер төктім. Өмірімде бірінші рет бес раундтық жекпе-жекке шықтым. Алибековке қарсы кездесу оңай болған жоқ. Бұл жекпе-жекте кішігірім жарақат алдым.
- Fight Night Global ұйымымен келісімшартыңыз қашан аяқталады және Алибековке қарсы қарымта кездесу ұйымдастырылады ма?
- Келісімшарт бойынша үш жекпе-жегім бар. Келісім ашық түрде жасалған, яғни, басқа елде де өнер көрсете аламын. Келесі қарсыласым жайлы келіссөздер жүріп жатыр, негізі Алибековке қарсы матч-реванш өткізілуі керек болған. Бірақ қазіргі таңда Али Алиев деген жігіт Алибековтың чемпиондық белбеуіне үміткер екен. Енді күтуге тура келеді. Менің келесі жекпе-жегім қыркүйектің соңында Алматыда жоспарланған. Яғни, бұл Алибековке қарсы матч-реванш болуы да ықтимал. Шамамен бір айдан кейін бәрі белгілі болады.
- Жалпы өзіңіз Алибековты күтесіз бе әлде басқа файтерлермен жұдырықтасуға дайынсыз ба?
- Негізі Алибековпен матч-реванш өткізуге ниеттімін. Бұл кездесуде ешкімнің жеңілмегенін ресейлік те, қазақстандық жанкүйерлер де айтты. Бәрі сол реваншты күтіп отыр. Жалпы бір кездесуден кейін де чемпиондыққа тартысуым мүмкін. Ресейлік промоутерлер Алибеков мені үшінші раундқа дейін нокаутқа түсіреді деп ойлаған. Бірақ мен таңғалдырдым. Сондықтан реванш өте қызық болмақ.
- Жекпе-жекке Қазақстанда емес Таиландта дайындалып жүрсіз. Не себепті?
- Жылы жерде жаттыққан тиімді, ауа-райы суық болған жағдайда Таиландта дайындаламын. Неліктен дейсіз бе? Бәрі менің бес раундтық жекпе-жекке шыдай алғаныма таң қалуда, ал бұрын елімізде жаттықанымда екі-үш раундтан кейін шаршайтынмын. Шетелде дайындалудың жақсы жағы – онда мықты спарринг-қарсыластар көп. Алибековке қарсы кездесуге дайындалғанымда Еуропа мен Азиядағы түрлі ұйымдардың чемпиондарымен спарринг өткіздім. Біздің елде қыста күн суық, кросс жүгірейін десең ыңғайын таппайсың.
- Алдағы уақытта тағы бір жерлесіміз Жалғас Жұмағұлов Fight Night Global чемпиондық белбеуі үшін жұдырықтасады? Оның мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз және оған қандай кеңес берер едіңіз?
- Жалғас Жұмағұлов – өте мықты жігіт. Соңғы жекпе-жегінде сенсация жасады. Жалғас Гран-Придің финалындағы қарсыласымен бұрын кездескен, бірақ ол кезде мансабында бірінші рет ұтылған болатын. Алдағы жекпе-жек өзгеше болмақ. Себебі, бұл - матч-реванш. Жұмағұлов бірінші кездесумен салыстырғанда тәжірибе жинады, спортшы ретінде өсті.
- Қазір UFC-де өнер көрсетіп жүрген ресейлік Зубайра Тухуговтан есе қайтарғыңыз келмей ме?
- Жалпы 25 жекпе-жектің ішінде бес рет жеңіліс таптым. Әрине, мені ұтқан 5 спортшыдан есе қайтарсам бақытты болар едім. Неге дейсіз ғой? Өйткені, қазір мен шешімдерді жекедара қабылдаймын. Ал «Алаш Прайдта» жүргенімде мен үшін шешім сырттай қабылданатын. Талай рет жарақатпен жекпе-жекке шығуға мәжбүр болдым. Екі жеңілісімнің себебі де осы. Тек Зубайрамен емес, басқа да мені ұтқан спортшылармен матч-реванш жасасам қуанышты болар едім.
- Салмақ қуу жекпе-жектен де ауыр дейді. Бұл қаншалықты рас?
- Салмақ қуу шыныменде ауыр. Жекпе-жекке екі-үш апта қалғанда 10-12 келі тастап жатамыз. Кейбіреуі тіпті 20 келі «лақтырады». Әрине, бұның бәрі ағзаға зиян. Жұртшылық біздің октагонға шығуымызды ғана көреді. Ал біз үшін жекпе-жек әлдеқайда ерте басталады – ол дайындық, салмақ қуу және т.б.
- «Алаш Прайдтың» спортшыларымен араласып жүрсіз бе?
- Әрине, бұрынғыдай араласып жүрген жоқпын. Бұрын күнде бір-бірімізді көретінбіз, бірге жаттығатынбыз. Қатты араласатынбыз. Қазір сол дайындалып жүрген жігіттердің көбісі кетіп қалды. Бұрынғы спортшылардан бір-екеуі ғана қалды. Көбінесе отырыстарда көрісіп тұрамыз.
- Жалпы ММА жарыстарының орташа сыйақысы қанша?
- Ережесіз жекпе-жекте жүрген спортшылар көп қаржы табады деп айта алмаймын. Өйткені бұл ауыр жол, егерде ММА-ге тек ақша табу үшін келсең – еш нәтижеге жетпейсің. Себебі біз мұнда ақша үшін жүрген жоқпыз, біздің мақсатымыз - ел спортын жаңа деңгейге көтеру, жастарды дұрыс жолға салу, әлемге танылу. Ал сыйақы туралы айтатын болсақ, бұл спортшының рейтингісіне, фан-базасына байланысты. Мәселен, Қытай мен Ресейде бізге жақсы сыйақы беріледі. Табыс әр спортшының өзіне байланысты.
- Осы орайда Америкаға жол тартқыңыз келмей ме? Ондағы мықты ұйымдармен (UFC, Bellator, WSOF) келісімшартқа отыру жоспарыңызда жоқ па?
- Енді әрбір спортшының арманы – бұл UFC-де өнер көрсету. Америкада біздің файтерлерге қызығушылық аз, себебі коммерциялық тұрғыда біз оларға тиімсізбіз. Себебі халқымыздың саны аз. Екіншіден, біздің отандық арналар UFC-мен келісімшартқа отырып, бір жылдық трансляцияны сатып алуы керек. Сол кезде ғана UFC қазақстандық спортшылармен келісімге отыруы мүмкін. Мысал келтіретін болсақ, бұрын бұл ұйымда ресейлік спортшылар болған жоқ. Кейін «Боец», «Матч ТВ» арналары олармен келісімге отырып, америкалық ұйым ресейлік спортшыларды шақыра бастады. Конор МакГрегордың бір жекпе-жегінен кейін ирландиялық арна UFC-ден жылдық трансляцияны сатып алған болатын. Қытайда сол. Менен жеңілген қытайлықтар да қазір сол ұйымда өнер көрсетіп жүр.
- Конор Мак Грегор деп отырсыз, оның Хабиб Нурмагомедовке қарсы кездесуінде кім жеңіске жетеді, қалай ойлайсыз? Жалпы ресейлік файтер туралы пікіріңіз қандай?
- Жалпы, бұл спорт болған соң кімнің жеңетінін айту өте қиын. Мәселен, жақында ғана Кличко Джошуадан нокаутпен жеңілді. Өз басым, Владимир ұпай шешімімен жеңіске жететін шығар деп ойлағам. Нокаут болатынын кім білді?
Бұл – спорт. Мұнда бәрі мүмкін. Егерде Хабиб бұның бәріне шыдап бабында болса, ол Мак Грегорды жеңеді.
- ММА-де үлгі тұтатын спортшыңыз бар ма?
- Әрине, спорт болған соң еліктеп өсетін пірлеріміз болады. Флойд Мэйвезердің өзі айтқан «мен Майк Тайсон, Шугар Рэй Леонард және Мұхаммед Әлиге қарап өстім» деп. Бізде де солай. ММА-ге ауысқан сәтте Фрэнк Шэмрок, Тито Ортиз, Кевин Рэндалменнің өнері ұнайтын. Кейін Джордж Сент-Пьер, Андерсон Сильва, Витор Бэлфортке қарап бой түзедік.
- Өзіңіз бала кезіңізде грек-рим күресімен айналысқансыз. Жалпы бұл спорт түрінен Олимпиада ойындарында қашан алтын медаль аламыз және бұл мақсатқа жету үшін не істеуіміз қажет?
- Қазақтанда грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы шығады деп ойлаймын. Қазір көп нәрсе қаржыға тіреледі. Менің грек-рим күресінен кеткен себебім де сол. Осы спорт түрінен мен еліктеп өскен Азия, Әлем чемпиондары спортты тастаған соң жұмыссыз, үйсіз қалып жатты. Ол заманда спортшыларды аса құрметтемейтін. Мен болсам күресті жаңа деңгейге көтергім келген, уақыт өте келе бұл спорт түрін жаңа деңгейге көтеруге болмайтынын түсіндім. Адамдар күреске аса қызыға бермейді. Ал ережесіз жекпе-жек қазақтың қанында бар. ММА-де шоу көрсеткім келеді.
Ал Олимпиада чемпионыны қашан шығады деген сұраққа былай жауап берер едім: Нағыз мықтылар ауылда жүр. Күреспен айналасуға ауылдарда мүмкіндік жасалса, қазақтан Олимпиада чемпионы міндетті түрде шығады.
- Қазіргі таңда, еліміздегі ең мықты ММА файтері кім?
- Ең мықтысын атау керек пе? Себебі бізде бес-алты күшті файтер бар. Енді олардың әрқайсысы әртүрлі салмақта өнер көрсеткен соң, ең мықтысын таңдау қиынға соғады. Менің ойымша, ең мықтысы – Қайрат Ахметов. Өйткені ММА-де 20-дан астам кездесу өткізіп, біреуінде жеңілген жоқ. Соңғы жекпе-жегінде ONE FC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанды.
- ONE FC тұжырымы дедіңіз. Өзіңіз бұл ұйыммен келісімшартты неліктен бұздыңыз?
- Бұл ұйыммен келісімге отырған кезде ONE FC-де допинг-тексеріс бар деп ойлайтынмын. Артынша 2-3 айдан кейін бұл жерде допинг-тексерістің жоқ екенін білдім. Мен бірден менеджеріме хабарласып, келісімшартты бұзайық дедім. Допинг-тексеріс жоқ ұйымдарда өнер көрсеткім келмейді. «Жануарлармен» жұдырықтасудан жалықтым (күлді). Допинг қабылдаған спортшы жануармен тең.
- ММА-де талай жекпе-жек өткіздіңіз. Ең мықты қарсыласыңыз кім болды?
- Мықты қарсыластарым көп болды. Енді ең ауыр кездесулерді еске түсірсек, бұл - Үндістанда Базмухамед Мубарусқа қарсы болған жекпе-жек. Сосын Алматыда өзбекстандық Айыпхан Камаловпен болған айқас. Бұл екі кездесуде де жеңіске жеткен болатынмын, бірақ бұлармен матч-реваншқа келіспес едім (күлді). Гаджи Рабадоновқа да қарсы қиын болды.
- ММА-дегі басты мақсатыңыз қандай?
- Басты мақсатым – жастарды салуатты өмір салтына баулу, қазақ балаларын батылдыққа тәрбиелеу, қазақ спортын әлемдік деңгейге көтеру. Тағы бір мақсатым, UFC немесе басқа да мықты ұйымда чемпион атану. Қазақ жігіттеріне айтарым: Маған да ешкім көмектеспеген. Өз күшіммен жеңістерге жеттім. Өздеріңе ғана сеніңдер.
Сұхбаттасқан: Қайсар ОҚАС