Телеарна ақпаратына сүйенсек, "еліміздегі ірі корпорациялардың бірі болып табылатын "Қуаттың" қызметкерлері Елорда әкімшілігінен митингке рұқсат алмақшы болған. Алайда қала әкімшілігі ондай рұқсатты бермеген".
Естеріңізге сала кетсек, "Қуат" корпорациясының құрылысшылары 4 ай бойы жалақы алмаған. Күзде олар Астананың орталық көшелерінің бірін жауып тастаған болатын.
"Құрылысшылар рұқсат алмақшы болған уақытта және сол жерде қала әкімшілігінің арнайы рұқсатымен Студенттер альянсының белсенділері шеру өткізген. Құрылысшылар келген, жаураған студенттерді көрген, полиция генералымен сөйлескен. Енді полиция оларды митинг және бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деп сотқа беріп отыр", - деп түсіндірді "КТК" телеарнасы.
"Қуат" қызметкерлерінің бірінің айтуынша, "олар құрылысшыларды студенттердің митинг өткізуіне кедергі келтірді деп айыптап отыр. Бұл объективті мәліметтермен дәлелденбеген. Полиция қызметкерлері берген рапорт тіпті де жалған куәлік".
Студенттер альянсы да құрылысшыларға тағылған айыптарды жоққа шығарды. "Құрылысшылар өздерін әдепті ұстады, ешкімге кедергі келтірген жоқ. Тіпті, Тәуелсіздік күнін жастармен бірге тойлады", - деді студенттер.
Телеарнаның хабарына сүйенсек, құрылысшыларды емес, митингке келген қоғамдық құқық қорғау ұйымдарының өкілдерін сотқа берген.
Сонымен бірге, телеарна "жақында Астанаға "Қуат" құрылыс компаниясының басшылығы келген. Әкімшілікте, Астана әкімі орынбасарының үстелінде, басшылық барлық қарызды жабуға уәде берді", - деп хабарлады.
"Қуат" қызметкерлері митинг болмай қалған күні айлық жалақыларын ала бастаған. Алайда, жұмысшылардың айтуынша, олардың алғаны бақыр ғана, кейбірі қарыз мөлшерінің 30 пайызын, кейбірі, тіпті, 10 пайызын ғана алған.
Егер корпорация басшылығы берген уәделерге сенсек, келер аптаның аяғына дейін құрылысшылар шамамен 200 млн теңгедей барлық еңбекақысын алады.