Қуатты жер сілкінісі болған жағдайда облыста халық арасындағы жалпы шығын шамамен 195 мың адамды құрайды деген болжам бар. Соның ішінде 13 мың адам мерт болу ықтималдығы зор.
Бұл туралы бүгін, 5-маусымда өткен баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы баспасөз қызметінің бастығы Сергей Середа хабарлады.
25 мың тұрғыны бар Төлеби , Сарыағаш және Мақтаарал аудандары аумағының біраз бөлігі 8 баллдық аймақта орналасқан. Жалпы тұрғындар саны 620 мың адамды құрайтын Төлеби , Сарыағаш және Мақтаарал аудандардың қалған біраз бөлігі мен Сайрам, Түлкібас, Қазығұрт аудандары, Шымкент және Ленгер қалалары 7 баллдық зонаға жатады.
Тұрғындар саны 1 миллион 185 мың адамды құрайтын Ордабасы, Бәйдібек, Арыс, Шардара, Отырар аудандары, Арыс, Кентау, Түркістан қалалары, Түлкібас және Сайрам аудандары аумағының солтүстік бөлігі , Сарыағаш және Мақтаарал аудандары аумағының батыс бөлігі, Созақ ауданының оңтүстік бөліктері 5-6 баллдық аймақта орналасқан.
Жер сілкінісі салдарынан 12816 ғимараттың бүтін қирау мүмкіндігі болса, 18817 ғимарат орташа, 422432 ғимарат жеңіл зардап шегуі мүмкін. Облыс бойынша 385 мың адам , соның ішінде Шымкентте 135 мың адам баспанасыз қалу қаупі бар.
Сонымен бірге облыстың коммуналдық-энергетикалық желісі ауқымды апатқа ұшырауы мүмкін. 36 шаршы шақырым аумақта 80 өрт ошағы, 94 шаршы шақырым аумақта аса қатерлі улы заттар төгілетін 11 ошақ пайда болуы ықтимал.
Тек Шымкент қаласының өзінде осындай ошақ аймағында 105 630 адам тұрады.
Жалпысы, Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында өнім өндіруде аса қатерлі улы заттарды пайдаланатын химиялық қауіпті 19 нысан бар. Ондай заттар 28 428 тоннаны құрайды (аммиак - 20328 т, хлор - 5,1 т, дихлорэтан - 3 т).
Болуы мүмкін қуатты жер сілкінісінің зардаптарын жою мақсатында облыста 59 109 адамнан құралған Азаматтық Қорғаныс және Төтенше жағдайлар жөніндегі топ құрылды. Олардың қарамағында 6 863 техника бар. Сонымен бірге төтенше жағдай болған күнде басқа оңтүстік облыстардан 4 мың 989 адам көмекке келе алады.
Соңғы 10 жылда облыс бойынша ғимараттарды сейсмикалық күшейту мақсатына жергілікті бюджеттен 201 млн. теңге, республикалық бюджеттен 24 млн. теңге , Төтенше жағдайлар жөніндегі Агенттік желісімен 47,5 млн. теңге жұмсалды. 13 мектеп, 5 тұрғын үй, 2 су қоймасы мен теміржолдағы 1 жол өткелегі сейсмикалық күшейтіліп, тозығы жеткен 7 ғимарат құлатылды.
Үстіміздегі жылы төтенше жағдайлардың зардабын жоюға арналған облыстық әкімшілік резерві 150 млн. теңгені құрайды. Ал қалалар мен аудандарда бұл мақсатқа 53 млн. теңге арналды.