«Құдайдың парызының алдында әке-шешең демалады»: Алланы ата-анадан жоғары қойған имамның басы бәлеге қалды

Ол өз уағызында жеткіншектерге ата-анадан Алланы жоғары қойып, алдымен Құдайға құлшылық етуге шақырған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Белгілі болғандай имамның уағызын тыңдатуға жасөспірімдерді ауыл әаімінің өзі жинап әкелген. Сонымен бірге уағыз айтқан имамның аты Жарқын Мырзатай екені белгілі болған.

"Сол жиында ауыл әкімі болды. Ақ жейдедегі сол кісі. Кәмілет жасына толмаған ер балдарды жинап, уағыз тыңдатты. Имам "Орамал тағу үшін, намаз оқу үшін ата-анадан рұқсат алмаса да болады" деді. Бұған дейін олар "Бірінші ата-ана разылығын алу керек" дейтін. Бұл деген баласын ата-анасына қарсы қою. Одан қалды әкім балаларды уағызға ертіп баруы қаншалықты заңды?", - деп айтқан Адырна порталына видео жолдаған тұрғын.

Сонымен бірге имамның видеода:

«Аға-інілері сақалыңды қырмасаң, аяқ-қолыңды сындырамын депті. Міне әке-шешелер осындай болып тұрмыз ғой қазір» деп айтқан сәтін көруге болады.

Ауыл тұрғындары уағыз айтқан имамның бұл сөзін түсінбей әлек. Олар тіпті осыған орай редакцияға видео үндеу де жолдаған.


«Мына молдекеңнің уағызын естідік. Алланың парызы тұрғанда, әке-шешең демалады дейді. Молдеке айналайын, сен неге бала-шағаны әке-шешеге қарсы қойып жатсың? Осыған дейін өздерің айтып келген жоқсыңдар ма? Ата-ананың разылығы, Алланың разылығы деп. Ата-ананың разылығын алмағандар, тозаққа кіреді деп. Қайда сол сөздерің», - дейді видеодағы ер адам.

Көпшілік ауыл тұрғындарының сөзін жақтап шыққан. Олар:

«Дұрыс айтасыз, аңқау елге арамза молда деген осы шығар», «Не деп жүр өзі қазіргі имамдар? Бірі былай, бірі басқаша сөйлейді, кімге сенеміз сонда?» деп жазды олар.