Құрлық әскерлерінің жауынгерлік әзірлігі тексерілуде

Құрлық әскерлері бірқатар жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын орындады. Әскерлердің жауынгерлік әзірлігі, әскери қызметшілердің жаңа жағдайда, бейтаныс жерде әрекет ету қабілеті тексеріледі, деп хабарлайды Caravan.kz порталы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтау маңындағы «Оймаша» полигонында бөлімшелер мен бөлімдер арнайы әскери операция өткізді. Тапсырмаларды орындау кезінде әскерлерді басқару мәселелері пысықталып, жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің жаңа түрлері мен әдістері қолданылды.

Алматы облысындағы «Көктал» тау полигонында шартты заңсыз қаруланған құрамалар жойылды. Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының басшылығымен тау жоталарының жетуі қиын учаскелерінде барлау-іздестіру іс-қимылдары жүргізілді. Десантшылар Шекара қызметінің бөлімшелерімен бірлесіп, содырлардың жаруы ықтимал бағыттары бойынша мемлекеттік шекараны күзетуді күшейтті. ТЖМ, Ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарымен өзара іс-қимылда босқындар лагерлері ашылып, қажетті инфрақұрылым құрылды.

Шығыс Қазақстандағы «Шығыс» полигонында күшейтілген механикаландырылған бригада маневрлік қорғанысты жүргізу, сондай-ақ бөлімшелерді қоршаудан шығару тапсырмаларын орындады.

Әуе қарсыласының соққыларын тойтаруға, бүркемелеуге, ұйымдасқан түрде жоспарланған қорғаныс шептеріне орын ауыстыруға, қарсыластың айналып өтетін және рейдтік жасақтарын жоюға ерекше назар аударылды.


Қызылорда облысындағы «Тереңөзек» полигонында барлаушылар қарсыластың объектілерін анықтау және елдімекен маңында содырларды жою кезінде авиация соққыларын және артиллерия атысын дәлдеп түзету мәселелерін пысықтады. Тікұшақтардың көмегімен барлау топтары шартты қарсыластың тылына қонды. Барлаушыларды қауіпсіз жерлерге көшіру шаралары да қатар ұйымдастырылды.

Тәжірибе көрсеткендей, жауынгерлік оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау сапасы командирлердің қысқа мерзімде неғұрлым оңтайлы шешім қабылдау қабілетіне байланысты. Қарулы Күштердің Бас штабы командалық құрам мен әскерлердің даярлық деңгейін бағалайды.

Әскерлерді қауырт тексеру 23 қыркүйекке дейін жалғасады. Бұған 9 мыңға жуық жеке құрам, 3 мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде 66 ұшу аппараты мен 8 корабль қатысады.