Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, қазіргі жағдаймен барлығы 2181 сайлау учаскесінің 1967-сіндегі дауыс саналды. Сайлаушылардың 74,6 проценті дауыс беруге келді. Республиканың оңтүстігіндегі Баткен, Ош және Жалал-Абад облыстарының өкілдері айрықша саяси белсенділік танытып, бұл облыстарда сайлаушылардың 86-88 проценті дауыс берді.
Президенттіктен басқа үміткерлер лидерден едәуір артта келеді. Мәселен, алдын-ала мәлімет бойынша, Қырғызстан Республикасының омбудсмені Бакир уулу Тұрсынбай үшін дауыс берушілердің 3,73 проценті, Қырғызстан өнеркәсіпшілері одағының төрағасы Ақбаралы Әйтекеев үшін 3,63 проценті, Қырғызстанның демократиялық қозғалысының жетекшісі Жыпар Жекшеев үшін 0,99 проценті, жалғыз үміткер әйел - Қырғызстаннның үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдары қауымдастығының жетекшісі Тоқтайым Үмітәлиева үшін 0,57 проценті, Қырғызстан Республикасының бұрынғы ішкі істер министрі Кенешбек Дүйшебаев үшін 0,53 проценті дауыс берді. Барлық үміткерлерге қарсы дауыс бергендер 12 149 адам немесе жалпы дауыс бергендердің 0,89 процентін құрады.
Сайлау учаскелері жабылуға бес сағат қалғанда сайлау өтті деп танылып, сайлаушылардың 50 проценті дауыс беруге келді. Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тұйғынәлі Әбдірайымовтың қорытынды баспасөз мәслихатында атап көрсеткеніндей, сайлауды өткізуге 1 млн. АҚШ доллары жұмсалды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, жалпы алғанда дауыс беру барысында "төтенше заң бұзушылық оқиғалары тіркелген жоқ". Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге сайлаушылардың 60-70 проценті келеді деп жоспарлаған. Сайлаушылардың айрықша белсенділігіне түсініктеме берген комиссия төрағасы "жария етілген мәліметтер шынайы" деп мәлімдеді.
ТМД атынан сайлауға бақылау жасаушылар Қырғызстандағы мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауында "күрделі заң бұзушылықтарға жол берілген жоқ" деп мәлімдеп үлгерді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, республика көлемінде 2 млн. 600 мың сайлаушы тіркелген. Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу үшін 2182 сайлау учаскесі, ал республикадан тысқары жерлерде 40 учаске құрылды. Қазақстанда тұратын Қырғызстан азаматтары Астана мен Алматыдағы сайлау учаскелерінде дауыс берді.
Дауыс беру барысын 947 халықаралық және 15 мыңдай жергілікті бақылаушылар қадағалады. Қырғызстандағы президент сайлауы туралы ақпараттар тарату үшін 107 БАҚ атынан 281 шетелдік журналистер аккредитацияланды.