Құрылыс басқармасы бастығының орынбасары парамен ұсталды - Өскемен

Құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Д.Құрманғалиев бір құрылыс компаниясының басшысына пара берсе «қорғауға» алатынын айтқан. Кәсіпкер бастапқыда шендінің бұл ұсынысына келіскенімен, кейін оны қаржы полициясына ұстап беруге бел байлаған. Ақшаны алу кезінде алдымен орынбасардың жүргізушісі, ал одан ақшаны алу кезінде шенеуніктің өзі  қолға түсті.

Журналистермен өткен брифингте ШҚО бойынша ЭСЖҚКД бастығының бірінші орынбасары Руслан Күдешов шенеуніктің ұсталғанын растады.

«Дәурен Құрманғалиев 2014 жылдың 24 қаңтарында құрықталды. Ол өзінің жүргізушісі арқылы мемлекеттік сатып алу конкурсынан кедергісіз өткізу үшін  облыстағы бір кәсіпкерден екі миллион теңге пара алған. Сондай-ақ Құрманғалиев кәсіпкерге субмердігерді таңдауға кедергі келтірген. Күдікті өз кінәсін толық мойындағандықтан, тергеу өндірісі жеңілдетілген тәртіп бойынша жүргізілді. Тергеу бірнеше күнге созылып, қазір іс сотқа жолданды»,  - деді Р.Күдешов.

Құрманғалиев пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылатын еді. Алайда өз кінәсін мойындағаны үшін жаза мерзімі жартысына дейін азаюы мүмкін. Пара алуға көмектескені үшін шенеуніктің жүргізушісі де жауапқа тартылатын болады.


Айта кетерлігі, Д.Құрманғалиевтың бастықтың орынбасары қызметіне келгеніне небәрі 3 ай болған.