"Қыдырәлімен ұрысып қалдыңыз ба?" Қарақат Мальдив аралдарына неге жалғыз барғанын айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Қыдырәлі мен Қарақаттың отау құрғанына биыл 23 жыл. Жұлдызды жұп осы уақыт ішінде 4 ұл мен 2 қыздың ата-анасы атанып үлгерген. Ал бұл - Қарақаттың шетелге балаларсыз алғаш шығуы. 

"Әрқайсысына алаңдап "у да шу" болып жүргенде демалысымның қалай басталып, қалай өте шыққанын білмей қалушы едім. 

Осы жолы бір рақат тыныштық дейсің. Жанға жағып барады. Әйтсе де біртүрлі. Үйрене алмай жатыр миым да, құлағым да", - деп бөлісті Әбілдина.

Әнші бұл жолы миын тынықтыру үшін үлкен ұлын ғана ерткенін жеткізді. 

"Ми тынығып, бой сергіп, демалып қалды. Әйел адам, әсіресе жастары жақын майда балалары бар аналар шаршайды. Оңай емес. Өзімнен өткізген соң білем. Көмекшім болғанмен ол да жалғыз. Үлкен үй. Көп бала. Қайбіріне жетсін. Талай-талай ұйқысыз таңдар атырып, көз іскен, қабақ түскен түрмен барып, макияжға да ептелмейді, сыр білдірмей сахнада күліп ән салып, қайтып кеп тағы күйбең тірлікке күмп берген күндер көп болды.
Несін айтайын", - деп жазды ол. 

Қарақатты тек Қыдырәлінің жанында көріп үйренген көпшілік бұл жолы оның жалғыз жүруінен астар іздей бастады. Отасқандарына ширек ғасырға жуықтаған жұлдызды жұптың арасына сызат түспеген. Тек осы жолы солай шешкен. 


"Қыдыр ағасыз демалысқа барыпсыз ғой,ұрсып қалдыңыздар ма?!" деп жазыпты жекеме бір оқырманым. Адам қалай жаман жағын ойлауға бейім иә?!

Біз ол кезеңнен сәтті өттік. Арадағы құрмет, сыйластықтың тамыры тереңге кетті. Әу баста сенімге құрылған қарым- қатынас қой. 

Демалыс та керек-ақ! Ол да ұғып отыр жағдайды. Адам өмірін бір сарынды сырғыта бермей, өзгеріс жасап тұрса жаңаланбай ма?! Азаматың қолдап, жолыңды кеспей, керісінше “бар, көр” деп тұрса әйел адам тозбайды ғой. 
Мен де ол кісіні аңдып, соңына түскен емеспін. Іздегенге үйдей бәле табылады әрқашан. Көңілге күдік ұялатпай, кешіре білудің арқасында қазір көзбен ұғып, сөзсіз түсініскен әдемі кезеңдеміз. Әйел бақыты дегеннің бір түрі осы шығар", - деп түсіндірді әнші.