Қылмыстық жолмен тапқан кірісті заңдастыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топтың үшінші жалпы отырысы 2005-жылғы желтоқсанда Мәскеуде өтеді

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 12-13-сәуірде Шанхайда өткен екінші жалпы отырыста Еуразиялық топқа мүше-елдердің Қылмыстық жолмен тапқан кірісті заңдастыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі ұлттық жүйелерінің өзара сәйкестігін бағалауға кірісуді 2006-жылы қолға алу туралы мәміле жасалды.

Сонымен қатар отырыста осындай бағалау кестесі бекітілді. Соған сәйкес Қазақстандағы бағалау шаралары 2006-жылдың үшінші тоқсанына белгіленді. Хабарламада атап көрсетілгеніндей, "сол арқылы Еуразиялық топқа мүше-елдерге ұлттық заңнамаларын БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы - ФАТФ стандарттарына сәйкестендіруге және қаржылық барлау бөлімшелерін құруға мұрсат беріліп отыр".
Жалпы отырыста сонымен қатар қылмыстық жолмен тапқан кірісті заңдастыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қатысты қылмыстардың типологиясын зерттеу тақырыптарының 2005-жылға және одан кейінгі кезеңдерге арналған тізімі бекітілді.
Аймақта және Еуразиялық топқа мүше-елдерде жүзеге асырылып жатқан қылмыстық жолмен тапқан кірісті заңдастыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы техникалық көмек бағдарламалары туралы ақпарат қаралды. Бекітілген кестеге сәйкес, Қазақстанның техникалық көмекке деген сұранысын бағалау 2005-жылғы шілде-тамыз айларына белгіленді.
Сонымен бірге Еуразиялық топқа мүше-елдер мен донор елдердің бас қосуын 2005-жылғы желтоқсан айында Мәскеуде өткізуге шешім қабылданды.
Еуразиялық топқа мүше елдердің жалпы отырысы аясында Еуропалық Одаққа ұйымға бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім бір дауыстан қабылданды. Одақ атынан "Манивел" құрылымы қатысады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Еуразиялық топ Ресейдің бастамасымен 2004-жылдың қазан айында құрылған. Оның құрамына Қазақстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан кірді. АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Молдова, Франция, Жапония, Әлемдік банк, Халықаралық валюта қоры, ФАТФ, ЕурАзЭҚ, Интерпол және Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы Еуразиялық топта бақылаушы мәртебесіәне ие.
Қылмыстық жолмен тапқан кірісті жариялы болдыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес жөніндегі Еуразиялық топтың басты міндеті - аймақ ерекшеліктерін ескере отырып, қылмыстық жолмен тапқан кірісті жариялы болдыруға және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күреске бағытталған халықаралық стандарттарды таратуға түрткі болу, қаржылық барлау ұйымының құзыреті аясындағы шараларды өткізу, қылмыстық жолмен тапқан кірісті айналымға енгізуге қарсы күрес шараларының тиімділігін бағалау және осы саладағы ағымдарға талдау жасау болып табылады.