Жалпы фестиваль сайыс түрінде өтпек. Алғашқы күні бүркітшілер құстарының шеберлігі, яғни көкте қалай самғайтынын, еркін ұшып, иесінің қолына қалай қонатынын көрсетуі керек. Ал ертең қоян мен түлкіден бастап қасқырға дейін алмақшы. Сол күні үздектері де анықталып, қомақты сыйлықты қанжығалайды. Шараны ұйымдастырудағы мақсат соңғы кезде ұмытылып бара жатқан ұлттық өнеріміз – бүркітшілікті насихаттау. Дегенмен бұл ретте кедергілер де жоқ емес. Мамандар осындай халықаралық жарыстарға шетелден жеткізілетін құстардың шекарадан еш кедергісіз өтуі үшін заңға қосымша бап енгізуді сұрайды. Тіпті Үкіметке біраз мәселені тізбектеп, хат та дайындап қойған.
Бекболат Тілеухан, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті:
- Негізінен бұл өнер біршама кәрі өнер деп айтуға болады. Жастар жағынан қатты бір жалғасын тауып жатқан жоқ. Бұл бір бұқаралық сипат алуы керек сияқты. Ол үшін оның ғылыми негізі метадологиялық негізі болуы керек. Ал ғылыми тұжырымы сараптамасы болмаған нәрседен жалғасуы мүмкін емес.