Қырғызстан аумағында болған апат салдарынан Қазақстанның он азаматы қаза тауып, 32 адам зардап шекті

"Бүгін түнде 00 сағат 35 минутта Қырғызстан аумағында Ыстықкөлден қайтып келе жатқан туристер мінген автобус жол апатына ұшырады. 8 адам оқиға орнында, ал 2 адам ауруханаға жеткізер жолда қайтыс болды",- деді В. Божко.

Еліміздің денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновойдың айтуынша, Қазақстанның 32 азаматы жол апатынан зардап шегіп, Қырғызстанның ауруханаларында жатыр. "Зардап шеккендердің жағдайы ауыр және өте ауыр", -деді ол.

А. Дерновойдың айтуынша, бүгін түнде Қырғызстанның денсаулық сақтау министрімен телефон арқылы сөйлескен. Қазір тасымалдау және сол жерде көмек көрсету мәселелерін шешу үшін Қазақстаннан ТЖМ мен Апаттық медицина орталығының мамандары барды.

Республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау және сыртқы істер министрліктеріне апатқа байланысты мәселелерді шешу үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.

"Қажет болған жағдайда ұшақ жіберіп, барлық азаматтарды алып келу керек", -деді ол.

Үкімет басшысы зардап шеккендердің отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырып, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.