Қырғызстан азаматтары Қазақстанда 90 күн тіркеусіз тұра алатын болды

"Қырғыз азаматтарының 90 күн визасыз Қазақстанда болуын қамтамасыз ету жөнінде Қырғызстан жағынан ұсыныс келіп түсті. Біз арадағы стратегиялық қатынастар туралы келісімді ескер отырып бұл ұсынысты қабылдаймыз", - деді Н. Назарбаев.

"Мигранттар кездесіп отырған қалған проблемалар министрліктер деңгейінде шешіледі", - деп толықтырды Елбасы.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, екі елдің шекара қызметтері саясаттарын өзгертіп, адамдардың шекарадан өтуіне кедергі келтірмеулері қажет екендігін атап көрсетті. "Әрине, шекара арқылы өтетін лаңкестік, экстремизм, есірткі тасымалы сияқты проблемалар баршылық. Біз олармен күресуге тиіспіз. Мұнда екі елдің құқық қорғау органдары жұмыла жұмыс істеулері қажет", - деді ол.

"Тексеру тек осы мәселелер бойынша болуы керек. Әйтпесе, біздің шенеуніктеріміз әртүрлі сылтаулармен бәрін тексереді. Екі жақты да ретке келтіріп, осы проблеманы толығымен шешкен жөн", - деп сөзін түйді Н. Назарбаев.