Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, Ә.Тойғанбаевқа алаяқтық, ірі көлемде ақша жымқырғаны және салықтан жалтарғаны үшін айып тағылуда.
Ол қамауға алынуға тиіс. Қазір оның үстінен іздеу жарияланды.
Бас прокуратура таратқан баспасөз баянына сәйкес, "Ә.Тойғанбаев басқарған "Аалан сервис" жауапкершілігі шектеулі қоғам 6 жыл бойы Қырғызстанда әуе тасымалымен шұғылданушыларға жанар-жағармай тасымалдау рыногында монополиялық құқыққа ие болып келді". "Тойғанбаевтың кәсіпорнына көптеген мемлекеттік мекемелердің лауазым иелері заңсыз қолдау көрсетіп келген. Ә.Тойғанбаев кірісін жасырып қалу үшін ұшақ жанармайын "Аалан сервис" жауапкершілігі шектеулі қоғамының атына оффшорлық компаниялар арқылы сатып келген. Кіріс осы компаниялардың есепшоттарында қалып отырған",- делінген баспасөз баянында.
Қырғызстан бас прокуратурасының мәліметіне сәйкес, 1999-жылдан бері жасырылып қалған кіріс көлемі 16,5 млн. доллардан асса, төленбеген салық мөлшері 1,3 млн. долларға тең.
Бұрынғы президенттің үлкен қызы Бермет Ақаеваның күйеуі Ә.Тойғанбаев Қазақстан азаматы.