Қырғызстан бес босқынды Өзбекстанға қайтарып берді



Өзбекстанның бес азаматы 9-тамызда еліне қайтарылған. Өзбекстан өкіметі оларды Әндіжан оқиғаларын ұйымдастырған деп айыптауда. Қырғызстанның құқық қорғау ұйымдары бұл адамдарды қайтарып беруде халықаралық құқық нормалары бұзылды деп санайды. Өзбекстанның бес азаматының төртеуінде босқын мәртебесі, ал бесіншісінде бас сауғалаушы деген мәртебе болған.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, былтырғы жылдың мамыр айындағы Әндіжан оқиғаларынан кейін Өзбекстанның 500 азаматы Қырғызстанға қашып келген болатын. Осыдан екі айдан кейін олардың басымы бөлігі босқын деген мәртебе алып, Еуропа елдеріне шығарылды. Қырғызстанда Өзбекстанның бес азаматы ғана қалған. Оларға ресми Ташкент аса ауыр қылмыстар жасаған деген айып тағып отыр. Бұл азаматтар 2005-жылдың маусым айынан бері Оштағы тергеу абақтысында отырған.