Қырғызстан ІІМ күшейтілген тәртіпте қызмет ететін болады

Т.Сұбановтың айтуынша, республикадағы тәртіпті қадағалауға 6,5 мың милиция қызметкері жұмылдырылады, олардың тең жартысы Бішкекте. ІІМ басшысының орынбасары бұл шараға атсалысуға Ауғанстан соғысының ардагерлері республикалық кеңесі де ниет білдіріп отыр,-дейді.

Министрдің орынбасары оппозиция өкілдерінің шеруі кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында халық жасақтарын құру қажеттігін де құптады.

Т. Сұбанов, Бішкек тұрғындарын аталған шара кезінде абыржымауға шақырды. Оның сөзіне қарағанда, заң бұзушылардың кез келген әрекетіне тосқауыл қоюға министрліктің күші де, қаражаты да жетеді.

Т. Сұбанов, шеру өткізудегі қауіпсіздік мәселесі "Реформа үшін!" қозғалысының жетекшілерімен келісілетіндігін мәлімдеді.

"Біз астанадағы жағдай бірқалыпты болады, бассыздықтарға жол берілмейді, деген сенімдеміз",-деп атап өтті министрдің орынбасары.

Кеше үкімет үйінде ел президенті Құрманбек Бакиев оппозиция өкілдерімен кездесті. Келіссөздің қортындысы бойынша елбасының баспасөз қызметі "елдегі қоғамдық-саяси жағдай жөнінде , конституциялық реформалар туралы әңгіме болды, және бірқатар мәселелер төңірегінде тараптардың ортақ тоқтамға келгені байқалды",-деп мәлімдеді. Өз кезегінде оппозиция өкілдері журналистерге келіссөздің тым қиын өткенін, тіпті қорытынды туралы айту ерте екенін айтқан.

Осыған дейін хабарланғандай, 2 қараша күні "Реформалар үшін!" қозғалысының жетекшілері шеруді президент пен премьер министрдің отставкаға кетуін талап етуден бастауды жоспарлап отыр.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті