Қырғызстан көршілес елдермен Нарын-Сырдария бассейнінің су-энергетикалық ресурсын пайдалануды талқылады

Өнеркәсіп, энергетика және отын ресурстары министрлігінің хабарлауынша, жиналысқа қатысушылар Сырдария өзенінің бассейніндегі 2008 жылғы вегетациялық кезеңінің күтіліп отырған гидрологиялық ахуалын, су қоймаларын реттеу режимін үйлестіруді қамтамасыз ету қажеттігін талқылады.

Жиналысқа қатысушылар Қырғызгидрометтің 2008 жылдың 3 сәуірінде жасаған гироболжамына сәйкес тауда жауын-шашынның аз жаууы себепті вегетациялық кезеңде Тоқтағұл су қоймасына ағып келетін су 2007 жылғы көрсеткіштен және көпжылдық орташа көрсеткіштен төмен деңгейде болатынын атап өтті.

2008 жылдың сәуірінде Тоқтағұл суқоймасына аққан су норманың 92 пайызын құраса, ал мамыр айында бар болғаны норманың 57 пайызы орындалады деп күтілуде. Қалыптасқан жағдайға байланысты жиналысқа қатысушылардың ұсынысымен Тоқтағұл су қоймасының гидроэнергетикалық ресурстарын 2008 жылы және 2009 жылдың І тоқсанында пайдаланудың су-энергетикалық режимдерінің 4 нұсқасы жасалды. Олардың ішінде оңтайлысы ретінде 2 нұсқасы таңдап алынды.

Талқылау аяқталғаннан кейін тараптар Тоқтағұл суқоймасының жұмыс режимдерін 2008 жылдың 14-15 мамырында өтетін кезекті отырыста талқылауға келісті.