Қырғызстан парламенті Куловты премьер-министр қызметіне бекітпеді

Жасырын дауыс беру нәтижесінде Ф.Куловты небәрі 23 депутат қолдаған, 39 қарсы дауыс берген , үш бюллетень жарамсыз деп танылды. Қайсыбір үміткерді осы қызметке бекіту үшін кем дегенде 38 халық қалаулысының қолдауы керек.

Дауыс беру қорытындысын жария еткеннен кейін Ф.Кулов "жағдайдың осылай боларын" өзі де, президент те алдын-ала білгенін атап өтті. "Президент парламентке менің кандитурамды депутаттар қолдағанға дейін ұсына беруге уәде етті",-деді Қырғызстан премьер-министрі міндетін атқарушы.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Ф.Куловтың басшылығындағы Қырғызстанның министрлер кабинеті өз еркімен отставкаға кету туралы шешімді өткен жылдың 19 желтоқсанында қабылдаған болатын. Республика үкіметі "жаңа реформаларға жол ашу" мақсатында өз құзыретін тоқтатты. Алайда, Қырғызстан үкіметінің бұрынғы құрамы жаңа министрлер кабинеті тағайындалғанша өз қызметтерін атқаруда.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті