Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 28-тамызда Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев Ф.Куловты үкімет басшысына тағайындау туралы ұсынысты парламенттің қарауына енгізген. Қырғызстан заңнамасына сәйкес, депутаттар бір аптада жауап беруге тиіс. Ф.Куловты үкімет басшысы етіп тағайындау - сайлау алдында Бакиев-Кулов жұбын құрудың басты шарттарының бірі болатын.
Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, бүгін, 1-қыркүйекте Қырғызстан парламенті жазғы демалыстан кейін жұмысқа кіріседі. Ф.Куловты үкімет басшысы етіп тағайындау туралы мәселемен қатар парламентшілер үкіметтің құрылымы мен басқа да заңнамаларды қарайды. Қыркүйек айындағы күн тәртібіне жалпы алғанда 40 заң жобасы енгізілген.