Қырғызстан парламенті Манас әуе базасы туралы келісімді бұзу туралы мәселені қарастырады

Әлішер Сабыров Манас әуе базасы туралы келісімді бұзу мәселесін депутаттар талқылауына енгізу туралы парламенттің қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің бастамасын қолдаған партия хатын оқып берді.

"Біз келісімнің күшін жою мәселесін алға қойып отырмыз", - деді Әлішер Сабыров. "АҚШ әуе базасының басшылығы Қырғыз Республикасының ұлттық заңнамасына немқұрайдылықпен қарайды", - деп атап өтті депутат.

Әлішер Сабыровтың сөзіне сенсек, келісімді бұзу туралы ұсынысты парламенттің бес комитеті қолдап отырған көрінеді. Депутат Қырғызстан азаматын атқан америкалық әскери қызметкер еш жазаға тартылмастан елден шығарылғандығын атап өтті. Ол, сондай-ақ, халықаралық Манас әуежайында болған оқиғаны еске салды. Онда жолаушылар лайнері ұшу кезінде американдық жанар-жағармай құйғыш ұшақты қанатымен қағып өткен болатын. Әлішер Сабыров сонымен қатар, Америка Құрама Штаттарының Әскери-әуе күштерінің ұшақтарының жанар-жағармайды рұқсатсыз төгу мәселесі экологтардың алаңдаушылығын туғызып отырғанын жеткізді.

Депутаттың айтуынша, егер Қырғызстан АҚШ базасының елде болуы туралы келісімді бұзса, АҚШ әскери қызметкерлері елді 180 күннің ішінде тастап шығулары қажет. Депутат республика парламенті келісімнің бұзылуын емес, оның қайта қаралуын көздейтінін жоққа шығармады.

"Жаңа келісім тең дәрежелі тараптармен жасалуы қажет. 2001 жылғы келісім Қырғызстан Республикасы мен елшілік арасында жасалған", - деп мәлімдеді

Ә. Сабыров.

Ол тіпті Қырғызстан парламентінің өзі американ әуе базасынан мемлекеттік қазынаға түсіп жатқан түсімдер туралы нақты ақпаратты білмейтінін атап өтті. "Әуе базасынан түскен барлық ақша мемлекет бюджетіне келіп түсуі керек", - деп атап көрсетті депутат. Ол, сонымен қатар, "қазіргі жағдай бойынша барлық ақша Манас әуежайына түсіп отыр", - деді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті