Қырғызстан Қазақстаннан қаржылай көмек алуға қарсы емес

"Бұл біздің премьер министрдің сөзін бұрмалау. Ол HIPC (Highly Indebted Poor Countries) туралы сөз еткенде, біздің үкімет кепілімен қаржы ала алмайтындығымыз туралы айтқысы келді",- деді журналистердің сұрақтарына жауап берген Д. Үсенов.

Д. Үсеновтың айтуынша, 100 млн доллар көлеміндегі Қазақстанның көмегі Қырғыз еліне екі ел президенттері арасындағы келісім бойынша беріледі.

"Нұрсұлтан Назарбаев бұл қаржыны көмек ретінде өзі ұсынды. Ақша әлеуметтік сала және ипотека, лизинг және шағын несие таратуды дамыту үшін арналған",-деді Д. Үсенов.

Сонымен қатар Қырғызстанға 100 млн долларды аудару туралы шешімге қаңтардың 20-да Астанада қол жеткені туралы еске салды.

Д. Үсеновтың айтуынша, бөлінген қаржы республикаға қазақстандық банкілердің жергілікті филиалдары арқылы түспекші.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанның Қырғызстанға қаржылай көмек көрсетуі туралы өткен аптада Астанада ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов пен Қырғыз республикасының бірінші вице-премьері міндетін атқарушы Данияр Үсеновтың кездесуі кезінде сөз болған.

HIPC (Highly Indebted Poor Countries) қарыздық бастама - бұл қарыз сомасы өте үлкен кедей елдерге көмек көрсету бағдарламасын Дүниежүзілік банкі мен Халықаралық Валюта қоры 1996 жылы ұсынған болатын.

Бұл бастама сыртқы қарыздарды шығынға жазу туралы кешенді механизмдерден тұрады. Онда қарыз елдің халықаралық қаржы институттары (Дүниежүзілік банкі мен халықаралық валюта қоры) алдындағы және қарыз беруші елдің екі жақты несие берушілері алдындағы міндеттерінен босатуды қарастырады. Бұл бастамаға тараптардың қатысуы ерікті түрде жүзеге асады. 10 жылда бұл бағдарламаға 29 мемлекет қосылған.

Қырғызстанның сыртқы қарыздарының көлемі 2,1 млрд доллардан астам. Биыл республиканың мемлекеттік қырызын өтеу үшін мемлекет 50 млн доллар бөлсе, келесі жылы енді 80 млн қажет болмақ.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті