Қырғызстан Республикасындағы парламент сайлауы ЕҚЫҰ-ның міндеттемелеріне сай келмеді - бақылаушылар

"Қырғызстандағы кезектен тыс парламент сайлауы ЕҚЫҰ аясында өзіне жүктеген көптеген міндеттемелерге сай келмеді", - деп хабарлады тілшілерге ЕҚЫҰ қысқа мерзімді бақылаушыларының арнайы үйлестірушісі және ЕҚЫҰ парламенттік ассамблея делегациясының жетекшісі Киммо Кильюнен.

"ЕҚЫҰ сайлауды бақылау бойынша соңғы екі миссиясының жетекшісі ретінде Қырғызстандағы сайлау процесінде болып жатқан регрессті көріп қатты түңілдім", - деп атап көрсетті ол.

Миссия сарапшылары дайындаған есептемеде жетекші үміткерлерді тіркеуден бас тарту бойынша абыржу байқалады. Қорытынды құжатта дауыс беру әдеттегідей тыныш жағдайда өтті, деп көрсетілген. Алайда, "дауыстарды санау және қорытындысын шығару процестің ашықтығы мен дұрыс саналуына күдік туғызған".

Бақылаушылардың айтуынша, Қырғызстанның бұқаралық ақпарат құралдары, атап айтқанда мемлекеттік телерадио компаниясы сайлаушыларға саналы таңдау жасау үшін дәл және теңдестірілген ақпарат бермеген.

Сайлау барысында жол берілген үлкен заң бұзушылықтар туралы Еуропалық сайлауды бақылау ұйымдары жүйесінің өкілдері де мәлімдеді. Миссия өкілдері "бақылаушылар құқығының шектелуі, сайлау бөлімшелерінде өкілетті емес тұлғалардың болуы, дауыс беру кезінде қызметті асыра пайдалану, заңсыз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және сайлаушыларды сайлау бөлімшелеріне тасымалдау" жөнінде хабарлады.

Естеріңізге сала кетсек, Қырғызстанда кезектен тыс парламент сайлауы 16-желтоқсан, жексенбі күні өтті. Оған елдің 12 саяси партиясының өкілдері қатысты. Алдын-ала мәлімет бойынша, сайлаушылардың жартысына жуығы өз дауыстарын президенттік "Ақ Жол" партиясына берген.