Қырғызстан Республикасының Қамбарата ГЭС-2 құрылысына 1,2 млрд сом бөлінеді

Қаржы министрлігінің басшысы Тажикан Қалымбетовтың айтуынша, мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөліну көзделген. Мәселен, Қамбарата ГЭС-2 құрылысына 1,2 млрд сом қарастырылған.

Сонымен қатар, 300 млн сомнан артық қаржы маңызды жол магистралдерінің қайта жөндеу жұмыстары мен құрылысына жұмсалатын болса, 178 млн сом - Қырғызстан Республикасында Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт жөніндегі ұйымға мүше мемлекет басшылары кездесуінің дайындығына және өткізу шараларына бөлінеді.

Министр хабарлағанындай, бюджет табысы 44,2 млрд сом мөлшерінде жиналады. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 7,2 млрд сомға артық. Бюджеттің шығыс бөлігі 48,6 млрд сомды құраса, бұл 2007 жылмен салыстырғанда 8,1 млрд сомға жоғары.

Мемлекеттің негізгі табыс көзі елден түсіп жатқан салық төлемдері. Сарапшылардың балжамдары бойынша, бүгінде салық мөлшері кірістің 81,7% құрайды.