Қырғызстан Республикасының үкіметіне бірінші вице-премьердің міндетін атқарушы басшылық ететін болды

Баспасөз қызметінің хабарламасына сүйенсек, 28-қараша күні Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев "Қырғыз Республикасының үкіметі туралы" конституциялық заңның 14-бабына сәйкес, Қырғызстан Республикасы бірінші вице-премьерінің міндетін атқарушы И. Айдаралиевке уақытша республика премьер-министрінің міндетін атқару жүктелген жарлыққа қол қойды.

Сондай-ақ, кеше үкімет үйінде премьер-министр Алмазбек Атамбаевтың отставкаға кетуіне орай салтанатты рәсім болып өтті. "Қырғызстан президенті оның жұмысына жоғары баға берді және республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін "Данакер" орденімен марапаттады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Өз сөзінде Қ. Бакиев "А. Атамбаев қысқа демалыстан кейін мемлекеттік қызметке қайтып оралар дегенге үміт бар", -деді.

Естеріңізге сала кетсек, жоғарыдағы лауазымға бірінші вице-премьердің міндетін атқарушы И. Айдаралиев 27-қараша күні тағайындалған. Ол бұдан бұрын Талас облысының мемлекеттік әкімшілігін басқарып тұрған және Ыстықкөл облысының әкімшілігіндегі жауапты қызметтерде жұмыс істеген.

И. Айдаралиев Қырғызстанның Жалал-Абад облысының Шатқал ауданының Жаңа базар ауылында 1955 жылы 13-қарашада дүниеге келген. Үйленген, бір ұлы және екі қызы бар.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті