Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, тараптар Қырғызстан мен Омбы облысы арасындағы сауда-экономикалық және ізгілікті байланыстардың дамуымен байланысты кең ауқымды мәселелерді талқылаған.
"Біз үшін Ресей өңірлерімен, әсіресе, Омбы облысымен ынтымақтастық және екіжақты қатынастарды дамыту сыртқы экономикалық және сыртқы саяси басымдықтардың бірі болып табылады", - деп атап көрсетті Қырғызстанның дипломатиялық өкілдігінің басшысы Р. Аттақұров.
"Бізде ежелден келе жатқан тығыз және достық қатынастар орнаған. Бұл бағытты дамыту және үдету дұрыс болар еді. Біз әрқилы тақырыптарды талқыладық. Оның ішінде гуманитарлық мәселелерден саяси, экономикалықтан көші-қон мәселелеріне дейін, сондай-ақ, Омбы бизнесінің инвестициясын Қырғызстанға тарту, қырғыз студенттерін Омбы қаласының жоғарғы оқу орындарында оқыту, дәрігерлер мен мұғалімдердің біліктілігін Омбы облысының білім беру және денсаулық сақтау жүйелерінде жетілдіру мүмкіндігі мәселелері бар", - деді елші.
Баспасөз қызметі атап өткендей, Қырғыз жағы, сонымен қатар, Ыстықкөлдің демалыс аймағында өңір тұрғындары үшін сауықтыру кешенін салу үшін Омбыдан инвестиция тартуға мүдделі екендігін білдірді.
Омбы облысы әкімшілігінің мәліметтеріне сүйенсек, сыртқы сауда бойынша өңірдің серіктес елдерінің арасында Қырғызстан Қазақстан мен Беларусьтен кейінгі үшінші орынды иеленеді. Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 261 пайызға ұлғайып, 2007 жылы 76 млн АҚШ долларына жеткен.
Сібір кеден басқармасының мәліметтеріне сүйенер болсақ, Омбы облысының Қырғызстанға шығаратын экспортын химиялық өнеркәсіп өнімдері (90%), алюминий және одан жасалған бұйымдар, ағаш және одан жасалған бұйымдар құрайды екен. Ал Қырғызстаннан Омбы облысына негізінен жеміс-жидек пен көкөніс (94%), қант, сондай-ақ, әйнек пен одан жасалған бұйымдар жеткізіледі.
Омбы облысының сыртқы сауда айналымының жалпы көлеміндегі Қырғызстанмен экспорттық-импорттық операциялардың үлес салмағы өткен жылы 7 пайызды құраған. Омбы облысының аумағында Қырғызстандық серіктестермен бірлесіп ашылған 5 кәсіпорын жұмыс істейді.