Атап айтсақ, Бішкек, Чу және Талас облыстарының тұтынушыларына берілетін электр қуаты азайтылмақшы. Республиканың бұл өңірлері Тоқтағұл су электр станциясында өндірілген электр қуатын тұтынады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қырғызстанда күн райының шұғыл суытуына байланысты электр қуатын тұтыну мөлшері шұғыл артқан. Соған сәйкес Тоқтағұл су электр станциясынан жіберілетін су көлемі секундына 740 текше метрге дейін артты. Бұл Шардара қоймасындағы су көлемінің ернеуінен асу, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы аумақтардың су астында қалу қаупін күшейтті. Осыған байланысты ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьниктің басқаруымен Бішкекте өткен келіссөздер нәтижесінде су көлемін 650 текше метрге дейін азайту туралы уағдаластыққа қол жетті.