Қырғызстан Тоқтағұл су қоймасынан жіберілетін су көлемін азайту туралы міндеттемесін орындамай отыр - Қазақстан елшісі

Ө.Өзбековтың хабарлауынша, жобалық қуаты 5,2 млрд. текше метрді құрайтын Шардара су қоймасында қазір 5,045 млрд. текше метр су жиналды. "Су көлемі шарықтау шегіне жетіп, айрықша күрделі ахуал қалыптасты",- деді Ө.Өзбеков 28-ақпандағы мәліметтерге сүйене отырып.

Өзара келісімге сәйкес Тоқтағұл су электр станциясынан жіберілетін су көлемін секундына 650 текше метрге жеткізудің орнына қазір Қырғызстан 678-700 текше метр су жіберіп отыр, деді елші.
Оның айтуынша, Өзбекстан Арнасай ойпатына алынатын су көлемін секундына 600 текше метрге жеткізуге келісті. Сырдария арнасына жіберілетін су көлемі секундына 800 текше метрге жетті. Дегенмен, осындай шараларға қарамастан, Шардара су қоймасына іргелес жатқан аумақтардағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр, деді Ө.Өзбеков.