Қырғызстан үкіметі электр және жылу энергиясына тарифтерді көтеру туралы қаулыны бекітті

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, тарифтер 2008 жылдың 1 шілдесінен бастап 2012 жылға дейін көтеріледі. Бұл жылу және электр энергиясын өндіруге кететін шығындарды жабу қажеттілігінен туындаған.

Қуаты 150 киловаттан асатын өндірістік және ауыл шаруашылық тұтынушыларына тарифтер 20 пайызға көтеріліп, 1 кВт-сағатқа ҚҚС есептемегенде 96 тыйынды құрайды. Ал қуаты бұдан аз өнеркәсіп орындары үшін тариф кВт-сағатына 110,8 тыйын, ауыл шаруашылығында - 147,8 тыйын болады. Бюджеттік тұтынушыларға қатысты ол 25 пайызға (100 - 110,9 тыйын), коммерциялық тұтынушыларға - 28 пайызға (102 - 130 тыйын) ұлғаяды.

Қарапайым халық үшін 13 пайыздық (70 тыйын) өсім қаралған. Ал қуат құны енгізілген кезде ол 82 - 94,9 тыйынға дейін көтеріледі. Халық үшін жылудың тарифі шамамен 30 пайызға өсіп, гигакалориясына 500 сомды құрайтын болады. Өнеркәсіп, бюджет және басқа да тұтынушыларға осындай төлем белгіленген. 2012 жылға қарай 1 гигакалорияның құны 1 570 сомды құрамақ.

Халық үшін ыстық су 128 пайызға қымбатқа түседі. Төлем гигакалориясына 360 сомға жетпек. Бұл орта есеппен алғанда адам басына 138 сом деген сөз.