Қырғызстан үшін мемлекеттік шекара жөнінде Қазақстанмен арадағы уағдаластықтың тиімсіздігі туралы жорамалдар арандатушылық сипатта - Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесі

Т. Мамытов еске салып өткеніндей, 2001 жылдың 15 желтоқсанында Астанада "Қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасы туралы" келісімге қол қойылған. 2003 жылдың шілде айында Қазақстан жағы осы келісімді бекіту жөніндегі барлық ішкі процедураларды аяқтады. Қазір Қырғызстан да осындай қадамға дайындалуда.

Талас облысының Қызыладыр шатқалындағы жерге, атап айтқанда, тас карьерге келсек, Т. Мамытовтың айтуынша, ол Қазақстан жағына тіпті сонау 1980 жылы Қырғыз КСР министрлер кеңесінің қаулысымен берілген. Кейін, қырғыз -қазақ шекарасына қатысты мәселелер талқыланғанда үкіметтік комиссия осы карьерді Қырғызстанға қайтару туралы мәселе көтерген. Комиссияға өтініш айта келген Талас облысының Манас ауданы тұрғындары Қазақстан жағынан сол маңдағы жайылымдар мен егіндік жерлерді бөлуді сұрауға шақырған. Мәселе оң шешімін тапты. Қырғызстан жағына 155 гектар жер беріліп, Қазақстан жалпы аумағы 129 гектар карьерді иелікке алды.

Т. Мамытовтың айтуынша, Чуй облысы Сокулук ауданы Степное ауылына қатысты да осындай жағдай қалыптасқан. Қазақстан бұл тұста да Қырғызстанның өтінішіне құлақ асып, оның иелігіне аумағы 53 гектарлық орманды алқапты берді. Онда осы ауылдың бейіттері орналасқан.

Ыстықкөл облысының Қарқыра атты жеріне қатысты түсініктеме берген Т. Мамытов Кеңес Одағы кезінде ол Түп ауданындағы басқа да бірқатар жайылымдар секілді екі республика малшыларының бірлескен пайдалануында болғанын айтты. Осы аумақта, Қырғызстанның Ыстықкөл облысы мен Қазақстанның Алматы облысының арасындағы әкімшілік, артынан мемлекеттік шекара туралы мәселе бірнеше мәрте қаралған. Атап айтсақ, ол Қырғызстанның Коммунистік партиясының Орталық атқару комитетінде 1930 жылы, Қырғыз КСР Жоғарғы кеңесінің Төралқасында 1961 жылы , кейін 1968 жылы екі республиканың да Президиумдарында қаралды.

Бұдан кейін Түп ауданы Сынташ ауылының тұрғындарының өз ауылдарының маңындағы, бірақ, Қазақстанға қарасты жайылымдар мен суармалы алқаптарды беруді сұраған өтініштерін мұқият қараған үкіметаралық комиссия осындай шешімге келді. Қырғызстан жалпы алғанда Қарқыра жайылымынан 620 гектар жер берсе, Қазақстан өз кезегінде Сынташ ауылының маңындағы жоғарыда аталған аумақтан 1100 гектар жерді берді.

Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысының айтуынша, сөйтіп, мемлекеттік шекараны делимитациялау мен демаркациялау жөніндегі қырғыз-қазақ үкіметаралық комиссиясының жұмысында бірінші кезекте мемлекет пен халықтың мүддесі ескерілуде. Алайда, бұл мәселе біржақты түсіндірілуде. Бұл ақпаратты осы қырынан беру әлдекімге тиімді шығар деген ойға жетелейді. "Бірақ халықты, әсіресе, жергілікті тұрғындарды алдау мүмкін емес, олар мәселенің мән-жайын жақсы біледі", - деді Т. Мамытов.