Г.Комаровтың айтуынша, Қырғызстан үкіметі сенімді басқаруға берілген "Қазақстан автомобилисі" шипажайы, ҚР президенті іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты "Қазақстан" шипажайы, "Алматы" шипажай-пансионаты, "Самал" демалыс үйі, Аль-Фараби атындағы ҚазМУ-нің "Университет" пансионаты тәрізді Қазақстанның меншігіндегі 5 шипажайды тартып алмақ ниетте.
Ал соған қарамастан, басқа ТМД елдерінің аумағында орналасқан ТМД елдерінің меншігіндегі нысандар бұрынғы қожайындарының иелігінде қалатындығы туралы келісімге 1992-жылы Бішкекте қол қойылған болатын. Соған сәйкес, Қазақ ССР-інің кәсіпорындары мен ұйымдарының күшімен Ыстықкөлде салынған шипажайлар бұрынғы қожайынның меншігінде қалуы тиіс.
Қырғызстан үкіметі болса, бұл ереженің Қырғыстанға ешбір қатысы жоқ деген сылтауды алға тартып, аталмыш 5 нысанды меншіктену құқығының күшін жойғандығы туралы ҚР үкіметіне ресми хабарлама жолдады. Онда аталмыш нысандарды сатып немесе жалға алу туралы ұсыныс білдірілген. Бұл мәселені реттеу үшін Қырғызстан үкіметінде толық құқылы үкіметтік комиссия құрылды.
Ал осы мәселе бойынша елімізде құрылған комиссияны мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы Г.Комаров басқарады. Сонымен қатар, комиссияға СІМ, ҚР әділет министрлігі, ҚР президенті іс басқармасының Медициналық орталығы, ҚазМУ, ҚР туризм және спорт жөніндегі Агенттігі тәрізді мүдделі мекемелер мен шипажай қожайындарының өкілдері қамтылды.