Қырғызстан Жамбыл жұртын тағы судан тарықтырып жатыр

70-ке шуық шаруаны сумен қамтитын жалғыз арна қазір қаңсып тұр. Тамшы су ақпағалы бірнеше жылдың жүзі болған. Ағын судың әдеттегі азабын біле тұра, тұрғындар биыл да тәуекел деп, дән сеуіпті. Бірақ, үміттері ақталмады. Енді еткен еңбек пен төккен тердің зая кететін түрі бар.   

Назар Найзақараев, Шаруа қожалығының басшысы:

-Бұл жерде бірінші жыл емес, 3-4 жыл осыдай. Менде 31 гектар бұл жерде. Былтыр жүгеріні мүлдем тастадым, екі гектарды. Ал биыл беде септім оны да су болмаса тастауға тура келеді. Қалған 20 гектар беде де құрғап тұр.

Шаруалардың басым бөлігі жүгері мен жоңышқа еккен. Жүгері көгермей солып жатса, екіншісі ораққа да ілінбей жатыр. Бекен Қартанбаев «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 250 бас асыл тұқымды мал өсіруде. Алайда биылғы қыста олар қырылып қала ма деп қауіптенеді. Өйткені қуаңшылық кесірінен мал азығын да жинай алар емес.

Бекен Қартанбаев, Шаруа қожалығының басшысы:

-Мемлекеттік бағдарламамен келген малды мен қоректендіруім  керек қой. Ол президенттің бағдарламасымен алынып жатқан мал. Қазір тауда комбайындар тұр, тікен шауып жатырмыз.

Шаруалар жыл басында ақысын төлеп қойса да, суға әлі қол жеткізе алмай отыр. Бұған айырқалпақты ағайындарды айыптауда. Айтуларынша, көрші қырғыз елінен ағып келетін су деңгейі үш есеге азайып кеткен.


Денис Конавалов, "Қазводхоз" мемлекеттік өңірлік кәсіпорыны "Қордай" бөлімшесі басшысының орынбасары:

-Су тапшы болып жатқаны рас. Үлкен проблема. Тәулігіне секундына 20 текше метр су бөлінуі тиіс болса, биыл оны алты текшеге түсіріп жіберген. Шаруаларға жетпейді. Оның себебін қырғыздар түсіндірмей отыр. Бұл мәселеге біздің шамамыз келмейді, Үкіметтік деңгейде шешілуі тиіс. 

Шаруалардың шуынан кейін қырғыздар суды жартылай жібере бастаған. Облыс әкімінің өзі бүгін олармен келіссөзге отырыпты. Алайда мәселенің қаншалықты шешім табатыны беймәлім.