Қырғызстанда "атышулы" сот шешімдерінің заңдылығын тексеру жөніндегі комиссия құрылды

Қырғызстан президентінің баспасөз қызметінен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, осындай комиссия құру туралы бұйрыққа Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы, республика үкімет басшысы Құрманбек Бакиев қол қойған.

Комиссия құрамына Республиканың бас прокуратурасы, Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен ІІМ-нің өкілдері енеді. Бұл комиссия бұрындары қабылданған "атышулы" сот шешімдерінің заңдылығын тексермекші. Онда азаматтық және қылмыстық істерге қатысты шешімдер бірдей қаралады. Шешімдердің заңсыздығы анықталған жағдайда комиссия тексеру материалдарын сотқа тапсыруға уәкілетті.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұл комиссия қоғамдық-саяси және халықаралық маңызға ие болған атышулы сот шешімдері мен прокурорлық-тергеу органдарының шешімдерін қайта қарау жөніндегі азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың арыз-өтініштері бойынша құрылып отыр.