Қырғызстанда Бішкектен Қазақстан шекарасына дейінгі темір жол бөлігін электрлендіру басталады

"Бұл Қытай серіктестерімізбен бірге жүзеге асыруға кірісіп отырған Қырғызстанның бүкіл темір жолын электрлендіру бойынша ірі көлемдегі жобаның алғашқы кезеңі. Барлық түйткілді мәселелерді шешу үшін қажетті негіздемені дайындайтын Қытай мамандарының делегациясы Қырғызстанға келді. Біздің болашақ серіктестеріміздің бірі - Өзбекстан, Түркіменстан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде осындай тәжірибе жинақтаған Қытайдың танымал СNС компаниясы", - деп хабарлады "Қырғыз темір жолу" бас директоры Нариман Төлеев.

Н. Төлеевтің айтуынша, бүкіл жоба бес жылға есептелген. Оның болжам құны 100 млн АҚШ доллары. "Бүкіл инфрақұрылымның толық өзгертілуі, сатып алынатын электровоздарды жөндейтін база құру қажет етіледі. Бірақ, экология талаптары сақталады. Ал электрлендіру есебінен үнемдеу 5 млн долларды құрайды, жолаушылар мен жүк айналымы айтарлықтай ұлғаяды", - деді бас директор.

Бішкек пен Луговой станцияларымен шектелген бөлік 154 шақырымды құрайтын аса ұзақ еместігіне қарамастан оның республика үшін стратегиялық маңыздылығына байланысты бірінші кезекте іске асырылуы қажет деп таңдап алынған. Өйткені бұл Қырғызстанды Қазақстан және Ресеймен байланыстыратын негізгі темір жол, - деп атап көрсетті Н. Төлеев.