Қырғызстанда электр қуатын тұтынуға шектеу енгізілді

10 наурыздан, яғни, кешеден бері берешегі бар абоненттерді электр қуатымен қамтамасыз ету толығымен тоқтатылады, электр қуатын көп пайдаланатын тұтынушыларға бақылау қатайтылады, қуат компаниялары электрмен жұмыс істейтін пештерді, сауналарды ажыратады. Сондай-ақ, жылыту мақсатында электр қуатын пайдалануға техникалық жағдайлар қарастырылмайды.

Мекеменің баспасөз қызметінен хабарлағандай, электр қуатын тұтынуды шектеу қажеттілігі Тоқтағұл су қоймасындағы судың өте төмен деңгейге түсуінен туындаған. Су қоймасына келген судың мөлшері 2007 жылға дейін орташа мөлшері 13,9 млрд болғанына қарамастан былтыр 11,7 млрд текше метрді құраған. Онымен қоймай, биылғы қыста электр қуатын өндіруге жұмсалған су көлемі ең жоғарғы деңгейге жеткен. Тек қараша айынан ақпан айына дейін Тоқтағұл су қоймасынан 8,48 млрд текше метр су ағып шықса, 2,01 млрд текше метр ғана су оның орнын толтырған.

Төрт айдың ішінде су қоймасындағы деңгей 30 метрге төмендеген. 7 наурыз күні су қоймасындағы су мөлшері 7 млрд текше метрден төмен деңгейге түскен. Ал Тоқтағұл ГЭС-інің құралдары тоқтатылуға тиіс деңгей 5,5 млрд текше метрді құрайды.

"Осы жағдай Тоқтағұл ГЭС қуатының азаюына, ескірудің жылдамдауына, құралдарының бұзылуына, электр қуаты өндірісінің азаюына соқтырады. Апаттық салдарды болдырмау үшін электр қуатын таратуға шектеу енгізу керек. Оның жалғыз мақсаты - 2008-2009 жылдардағы күзгі-қысқы маусымнан өту үшін Тоқтағұл су қоймасындағы су көлемін қажетті деңгейде ұстау. Тұрмыстық саланың алдында да осындай мақсат қойылған. Электр қуатын жылыту мақсатында пайдалану электр қуатын ауық-ауық өшіруді болдырмауға көмектеседі. Әрине, электр қуатының шектелуі азаматтардың күнделікті өміріне кері әсер етері сөзсіз", - деп атап көрсетті Қырғызстанның өнеркәсіп, энергетика және отын ресурстары министрі Сапарбек Балқыбеков.