Қырғызстанда парламент сайлауын өткізу үшін сайлау комиссияларын құру аяқталды

"Қырғызстан Респубуликасының Жогорку кенешіне депутаттар сайлау 56 аумақтық сайлау комиссияларында жүргізілетін болады, оның құрамына 491 адам, соның ішінде 292 еркек, 199 әйел кірген",- деп хабарлайды Қырғызстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіндегілер.

56 аудандық және қалалық сайлау комиссияларының құрамында 412 қырғыз, 38 - орыс, 19 - өзбек, 22 басқа ұлт өкілдері бар.

Аудандық және қалалық сайлау комиссияларының құрамына саяси партиялардан 143 адам кірген. Қырғызстанның заңына сәйкес, саяси партиялардың өкілдері сайлау комиссиялары мүшелерінің үштен бірінен көп болмауға тиіс. Аудандық және қалалық сайлау комиссияларын құруға 18 саяси партия, соның ішінде Ақ-Жол" президенттік халықтық партиясы, Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы, "Ата-Мекен" партиясы, "Асаба", партиясы, Қырғызстанның коммунистер партиясы, "Жаны Қырғызстан", "Содружество", "Эркиндик", "Эркин Қырғызстан", "Замандаш", "Қырғызстан аялдары" партиялары, Еңбек және бірлік партиясы, "Аалам", "Қырғыз Жери", "Моя страна", "Новая сила", "Айкол Манас", "Адилет" партиялары қатысқан.

Бұрын хабарлағанымыздай, Қырғызстанда мерзімінен бұрын парламент сайлау үстіміздегі жылдың 16-желтоқсанында өтеді. Республика парламентінің кезекті құрамы түгелдей партиялық тізім бойынша құрылатын болады. Қырғызстанда соңғы парламент сайлауы 2005 жылдың ақпан - наурыз айларында өткен болатын. Оның нәтижесі жаппай наразылық шараларының туындауына себеп болып, бұл республикадағы биліктің ауысуына әкеп соқтырған болатын.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті