Қырғызстанда құрылған арнайы мемлекеттік комиссия биліктің өзгеруіне апарып соққан себептерді зерттейді

Комиссия құрамын жасақтауда парламент, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары назарға алынды. Мемлекеттік комиссияның төрағасы болып Қырғызстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мирослав Ниязов тағайындалды.

Жарлыққа сәйкес, 2005-жылдың 15-мамырына дейін мемлекеттік комиссия өкілдері 24-наурыздағы оқиғаларға түрткі болған себептер мен алғышарттарды жан-жақты зерттеп, қоғамда азаматтық келісім мен тұрақтылық орнатуға бағытталған шараларды ұсынуы тиіс. Мемлекеттік комиссия мемлекеттік басқару органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жұмыс істейтін лауазым иелерінен қажетті құжаттар мен материалдарды талап етіп алу, уақытша жұмыс топтарын құру және өз жұмысына мемлекеттік басқару және жергілікті билік органдарының, сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдерін жұмылдыру құқығына ие.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 24-наурызда Үкімет үйіне шабуыл жасау салдарынан республиканың басшылығы өзгерді. Президент Асқар Ақаев республиканы тастап шығып, отставкаға кету туралы өтініш беруге мәжбүр болды. 24-25-наурыз аралығындағы екі күнде Бішкекте ондаған дүкендер мен сауда орталықтары тоналды. Қырғызстан үкіметінің бағалауынша, тек ел астанасының өзінде тонаушылық салдарынан келген шығын көлемі 1 млрд. сом немесе 24 млн. долларды құрайды.