Қырғызстанда сайлауға 12 партияның қатысуына рұқсат етілді

"Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын ұсынған 22 партияның үміткерлер тізіміне 12 саяси партия тіркелген",- деп хабарлайды Қырғызстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясынан.

Естеріңізге сала кетейік, саяси партиялар тізімін тіркеу 25-қарашада, жексенбіде аяқталған болатын. Бүгін республикада сайлау алды насихаттау жұмыстары басталды. Осыған байланысты Қырғызстанның Конституциялық сотының төрайымы Чолпон Баекова бүгін президентке өзінің өкілеттілігін тоқтату туралы өтініш жолдады. Сондай-ақ Қырғызстан Республикасының омбудсмені Турсунбай Бакир-уулу мен Бішкектің вице-мэрі Галина Куликова өз лауазымдарын босатты.

Қырғыздың заңына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер сайлау алды насихат жұмыстарына қатысуға құқылы емес.

Бұрын хабарлағанымыздай, Қырғызстанда мерзімінен бұрын өтетін парламент сайлауы үстіміздегі жылдың 16-желтоқсанына межеленген.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті