Қырғызстанда сыртқы сауда айналымының деңгейі елдің Жалпы ішкі өнімінің деңгейінен жоғары

Министрдің орынбасары Санжар Муканбетовтың айтуынша, бұл біршама либерал сауда режиміне байланысты қалыптасқан ахуал. Республиканың тауар айналымының шамамен 60% өңірлік бірлестік, атап айтсақ, ТМД және ЕурАзЭҚ елдерімен сауда-саттыққа тиесілі. Кейінгі 5 жылда Қырғызстанның сауда айналымы 2,7 еседен артық өскен, импорттың да, экспорттың да көлемі ұлғайып, сауда-саттықтың географиясы кеңейген, өткен жылы сауда әріптестерінің саны 118 елді құрады.

Әлемдік банктің зерттеулеріне сәйкес, Қырғызстан бизнесті жүргізу бойынша 94 орында, ал сыртқы сауданы жүргізу бойынша 177 елден 176-шы орында. Сол себепті қазір бұл елде президенттің сыртқы сауда саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту және экспорттық-импорттық процедураларды жетілдіру шаралары жөніндегі жуырдағы жарлығын жүзеге асыруға назар шоғырландырылуда. Оны іске асыру үшін сауда және транспорт саласына қолдау көрсету жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.