Қырғызстанда жоғары лауазымды 10 мемлекеттік қызметкер шетелдік жансыздар ретінде қамауға алынды

Қырғызстан қауіпсіздік қызметінің мәліметі бойынша, ұсталғандар арасында сыртқы істер министрлігінің, ішкі істер министрлігінің, әділет министрлігі мен Қырғызстан үкіметі аппаратының қызметкерлері бар. Олардың аты-жөні әзірге жарияланбай отыр. Тұтқындар шетелдік мемлекеттер мен халықаралық лаңкестік ұйымдардың мүддесі үшін тыңшылық жасаған деген күдік бар.

Күдіктілердің барлығы да Қырғызстан қауіпсіздік қызметінің тергеу абақтысына қамалды. Арнаулы қызметтер қазір күдіктілерді тергеп жатыр. Мұнымен бір уақытта қамаудағылар қызмет еткен мекемелерде құпиялық режимін сақтау тәртібі тексерілуде.
Бүгін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі республикалық қауіпсіздік қызметі таратқан мәліметтерге өз қызметкерлерінің қатысы жоқ деген ресми мәлімдеме жасады.