"Қырғызстандағы сайлауды әділетті әрі халықаралық стандарттарға толық сәйкеседі деп атауға келмейді",- деді CIS- EMO ұйымының Қазақстандағы өкілі Наталья Чумакова.
Қырғызстандағы президент сайлауы барысында CIS- EMO бақылаушылары бірқатар өрескел заң бұзушылық оқиғаларын тіркеді. Н.Чумакованың айтуынша, оларды бірнеше топқа бөлуге болады. "Біріншіден, сайлау комиссиялары кәсіби емес, екіншіден, сайлаушылар тізіміне қатысты проблемалар болды, үшіншіден, әкімшілік ресурсты пайдалану тіркелді".
Бақылаушылардың айтуынша, республика президентінің міндетін атқарушы Құрманбек Бакиев үшін үгіт-насихат жұмыстары сайлау күні де жалғасқан. "Үміткер Бакиевтің үгіт-насихат жұмыстарының мақсатына мемлекеттік медициналық автокөліктерді пайдалану деректері тіркелді",- делінген CIS- EMO ұйымының баяндамасында. Сонымен бірге сайлау учаскелеріндегі ақпаратық тақталарда республика президенттігінен үміткерлер туралы мәліметтер болмаған. Баспасөз мәслихатына қатысушылар сонымен бірге "Ош қаласында топ кураторлары мен жетекшілері студенттерді бөтен адамдардың төлқұжаттарымен бірнеше мәрте дауыс беруге жіберген" деп мәлімдеді.
Сөйтіп, CIS- EMO бақылаушылары беті ашылған бұл заң бұзушылық оқиғалары өткен сайлаудың халықаралық стандарттарға сәйкестігіне күмән келтіруге негіз бола алады деп мәлімдеді.