"Менің бұл бағамды Бакиевке сын тағу деп қабылдамауды сұраймын. Бірақ, менің пікірімше, қазіргі үкімет өтпелі кезең міндеттерін атқаруға әлі де бейімделе алмай отыр",- деді Ф.Кулов.
Оның пікірінше, "үкіметтің тиянақсыздығы" елде тұрақтылықтың орнықпауына апарып соғуда. Оған мысал ретінде республикадағы кейбір министрліктер мен Қырғызстан Жоғарғы сотының ғимаратын басып алу оқиғаларын атауға болады, деді ол. "Өз басым Қ.Бакиевке артықша табандылық танытып, кейбір қажетсіз мамандардан құтылуға кеңес берер едім",- дейді "Ар-намыс" партиясының жетекшісі.
Сұхбат барысында Ф.Кулов бұрынғы президент Асқар Ақаевты кешіргенін тағы бір мәрте қайталады. "Мен әрқашан заңдылыққа бағынамын. Ал республика Конституциясы президенттің құқығына қол сұғылмауына кепілдік береді. Біз оған бағынуға міндеттіміз".
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ф.Кулов Қырғызстан президенттігінен үміткерлердің бірі. Бішкек және Шу облысында қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, 2005-жылдың 10-шілдесіне белгіленген президент сайлауында "Ар-намыс" партиясының жетекшісі үшін сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі дауыс беруге дайын.